Астанада көшбасшы әйелдер гендерлік теңдік мәселелерін талқылады
БҰҰ «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» науқаны аясында Астанада депутаттар, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам және журналист әйелдер бас қосты. Олар гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazinform.

Жиынды АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «Қадыр-қасиет» қоғамдық қоры ұйымдастырған.
Шақырылған спикерлердің бірі, Әділ еңбек қауымдастығының президенті және атқарушы директоры Шерон Ваксман гендерлік теңдік мәселелеріне өзінің жеке көзқарасын білдіріп, 20 жастағы қыздың анасы ретінде бұл мәселелерді ерекше маңызды деп санайтынын атап өтті.

Өз сөзінде Ш. Ваксман зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздік проблемалары физикалық және эмоционалдық зиян келтіріп қана қоймай, қорқыныш, ұят және үнсіздік циклін тудыратынын баса айтты.
«Қазақстанда да, басқа елдерде де гендерлік факторларға байланысты зорлық-зомбылық дереу әрекет етуді талап етеді. Бұған төзуге болмайды және бұл көрсеткіштерді төмендету – біздің ортақ міндетіміз. Бір күні біз бұл мәселеден толықтай арыла аламыз деп үміттенемін», - деді Шерон Ваксман.
Спикер өз кезегінде Қазақстандағы әйелдердің ақпараттық технологиялар мен заңнама сияқты ерлер үстемдік ететін салалардағы кедергілерді еңсеріп келе жатқанына таңданысын білдірді.
«Әйелдер экономикаға айтарлықтай үлес қосып келеді. Әйелдер басқаратын бизнес ұлттық ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын құрайды. Алайда, бұған қарамастан, олар көбінесе қаржылық ресурстарда және көшбасшылық позицияларда үлкен кедергілерге тап болады. Әйелдер экономикалық ресурстарға тең қол жеткізе алатын және жоғары лауазымдарды атқара алатын орта құру қажет», - дейді Ш. Ваксман.