Елордада республикалық бюджет есебінен қосымша 10 мектеп салынады

2024 жылы республикалық бюджеттен елордада 10 мектеп салу үшін қаржы бөлінеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

мектеп
Фото: primeminister.kz

«Жалпы Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеттерінің бірі – қаржылай қолдау көрсету. Салыстырар болсақ, 2020 жылы республикалық бюджеттен Астана қаласына берілген қаржы көлемі 20 млрд теңгенің аясында болса, 2023 жылы 80 млрд теңгеге артып отыр. Бұл – жақсы жаңалық. Екіншіден, жемқорлардан алынған қаржы жинақталатын Инфрақұрылымды қолдау орталығынан салынатын «Жайлы мектептерден» бөлек, биыл Астана қаласына 10 мектепке қаржы бөлдік. Оның жетеуі пайдалануға берілді», - деді ведомство басшысы.

Ғани Бейсембаев Астана қаласындағы үшауысымды, апатты мектептердің жағдайын түзеу үшін Оқу-ағарту министрлігі, Үкімет тиісті қаражатты аямай бөліп келе жатқанын айтты.

«Біз бұл қолдауды ары қарай да жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Тағы 10 мектеп тізімін беруді әкіммен келістік. Келесі жылы қосымша тағы 10 мектепке қаржы беруді көздеп отырмыз. Осындай қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп отырғанда мектептерде оқушыларымызға жайлы орта қалыптасуы тиіс. Яғни, мектеп басшылары, педагогикалық ұжым балаларымызға жылы шырай танытып, сүйіспеншілікпен қабылдап, білікті де, білімді азамат болып шығуына барлық жағдай жасауы қажет», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар