Астанада шомылуға рұқсат етілген қанша жағажай бар

АСТАНА. KAZINFORM – Астананың құтқарушылары Есіл өзенінің жағасын тәулік бойы патрульдеуді бастады. Құтқару жабдықтары мен жүзу құралдары сондай-ақ қайық пен катерлері де тас-түйін дайын. Мамандар мұны шомылу маусымының басталуымен байланыстырып отыр. Себебі су айдындарында демалатындардың саны артып, қайғылы оқиғалар да болуы мүмкін. Kazinform тілшісі алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқан құтқарушылармен тілдесіп келді.

су
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

Астана қаласының жедел-құтқару жасағында 70-тен астам құтқарушы жыл бойы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір мамандар алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр, шомылуға болмайтын жерлерге ескерту белгісін орнатып, ақпараттық стендтер іліп жатыр.

Астана
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

− Қазір Астана аумағында шомылуға рұқсат етілген 4 орын бар. Бұл – Орталық саябақ аумағындағы Орталық жағажай Күйгенжар алабындағы «Три пескаря», «Армина», «Столичный двор» демалыс орындары. Сондай-ақ, әкімдікпен бірлесіп, Бейсеков көшесіндегі коммуналдық жағажайды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруді бастадық. Қайғылы оқиғаға жол бермеу үшін қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтау керек. Мас күйде суға түсуге болмайды, қауіпсіздік шегінен аспау керек, ең бастысы — кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмау керек, −деді Астана ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ренат Смағұлов.

су
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

Балалардың қауіпсіздігін прокурорлар да назарға алған. Қадағалаушы орган өкілдері заңның сақталуын жіті қадағалап, рұқсатсыз шомылатын орындарды тексереді. Осы орайда Астананың барлық ауданындағы прокуратура басқармалары заманауи дрондармен жабдықталған. 

құтқарушы
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

− Қаланың барлық ауданында прокуратура Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және әкімдік өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр. Су айдындары, жағажайлар, субұрқақтар және өзге де ықтимал қауіпті орындар тексеріліп жатыр. Әсіресе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жерлерге ерекше ден қойылады. Бүгінде осындай рейдтердің бірі Нұра ауданы аумағында өткізіліп жатыр. Мұнда орналасқан ашық су көздері мен жағалау маңындағы орындар тексеріліп, қауіпсіздік белгілер орнату, кезекшілік ұйымдастыру және қолжетімділікті шектеу бойынша шаралар қабылданып жатыр, − дейді елордалық Нұра ауданының Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Райымбек Ұлықпанов.

прокурор
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Мәселен, өткен жылғы рейд барысында рұқсат етілмеген жағажайлар анықталып, 264 хаттама толтырылып 1,5 млн теңге айыппұл салынған. 

тжм
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

Ал суға бату оқиғасына тап болсаңыз, дереу 112 қызметіне хабарласқаныңыз абзал, дейді мамандар.

құтқарушы
Фото: видеодан алынды/Jibek Joly TV

Айта кетейік, Өскеменде суға батып бара жатқан 5 жасар баланы студент құтқарып қалды.

Ал Ертіс өзенінде суға батып кеткен ер адамның денесі бір айдан соң табылды.

Соңғы жаңалықтар