Астанада СОБР қызметкерлерін ұрғандар 3 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жедел әрекет ету арнайы жасағының (СОБР) қызметкерлеріне шабуылдағандарға сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық сот хабарлайды.

сотталды
Фото: pexels.com

2025 жылғы 21 қаңтарда сағат 14.00 шамасында сотталушылар Т.А., Ж.Т., Х.С. жедел уәкіл С.М.-мен бірге жедел уәкілдің жеке заттарын тасымалдауға көмектесу үшін Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасының ғимаратына келген.

Алайда, полиция ғимаратына кіре берісте жанжал туындаған, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы қызметтік міндетін атқару кезінде билік қызметкерлеріне күш көрсеткен. Нәтижесінде жәбірленуші Е.Д.-ге орташа дәрежедегі, жәбірленуші С.Н.-ге жеңіл дәрежедегі дене жарақаты келтірілді.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғағымен, сондай-ақ сараптаманың қорытындысымен расталды.

Прокурор сотталушылардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің сотталушыларға шағымы жоқ. Сотталушылар кінәні ішінара мойындады және жәбірленушілермен татуласуға байланысты бас бостандығынан айыруға жатпайтын жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ, қорғаушы тарап та бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

- Ауырлататын мән-жай жоқ. Сот үкімімен Т.А., Х.С. және Т.Ж. Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 1,3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, жыл басында Астанада жедел әрекет ету арнайы жасағы (СОБР) қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Кейін полиция іс қозғады. 

Соңғы жаңалықтар