Астанада сотталғандар нормадан тыс жұмыс істеп, еңбекақысы уақтылы төленбеген
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының прокуратурасы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру кезінде заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында еңбекақының уақтылы төленбеуі, сотталғандармен жеке еңбек шарттарының дұрыс жасалмауы, сондай-ақ жұмысқа тартылған сотталғандарды еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақыты нормасынан тыс (тәулігіне 12 сағаттан артық) пайдалану деректері анықталды.
— Қадағалау актісі бойынша 13 сотталғанға Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес үстеме жұмыс уақыты үшін еңбекақы төленді. Еңбекақы төлеу талаптарын бұзғаны үшін жауапты лауазымды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 87-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сотталғандардың құқықтарын сақтауға бағытталған қадағалау іс-шаралары жалғасады, — делінген Астана қаласының прокуратурасы таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Қызылорда облысында 100-ден астам сотталған адам қоғамдық жұмысқа тартылғанын жаздық.