Астанада студенттердің суицидіне қатысты сараптама қорытындысы жақында дайын болады — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов өз өмірін қиған Назарбаев Университетінің студенттеріне қатысты істі тергеу амалдарына түсінік берді.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрдің орынбасарынан Назарбаев Университетінде суицидке барған екі студентке қатысты істің мән-жайын сұрады.
— Осы оқиғалар екі бөлек дерек ретінде тіркелді. Бұл істер министрліктің бақылауында тұр. Қазір осы қылмыстық істер бойынша сот-психологиялық сараптамалар жүріп жатыр. Бұл сараптамалар өте күрделі, — деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, аталған тексерулер аясында суицидтің себебі анықталып жатыр.
— Осы орайда мамандар сараптама мерзімін екі айға дейін ұзартады. Сондықтан бұл қылмыстық істер бойынша қазан айының соңына дейін процессуалдық шешім шығарылады. Осы қылмыстық істерде күдікті адам ретінде танылғандар жоқ, — деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, биыл маусым айында Назарбаев университетінде студент өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ал тамыз айында бойжеткен жатақхананың 12 қабатынан секіріп кетті.