Астанада теннистен халықаралық турнир өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен Үндістанда өткен турнирдің абсолютті жеңімпазы Жібек Құламбаева енді Астана қаласында өтетін Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңіне қатысады. Жарыс 10-11 сәуір күндері өтеді.
– Үндістанда өткен турнирде бейімделу мен климаттық факторлар қатты әсер етті. Десе де психологиялық дайындықты күшейтіп, алға шықтым. Бұдан соң Billie Jean King Cup турниріне қатысамын. Канада командасымен сынға түсеміз. Осы текетіресте жеңіске жеткен команда әлем чемпионатының шешуші кезеңіне тікелей жолдама алады. Бұдан бөлек, Қытай мен Еуропадағы сайыстарға қатысу жоспарымда, – деді Жібек Құламбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Жалпы, Billie Jean King Cup – Қазақстан құрамасы тұрақты қатысатын әйелдер арасындағы ірі халықаралық командалық теннис жарыстарының бірі. Биыл ұлттық құраманың жаңартылған тізімі жасақталып, оған команданың қазіргі көшбасшыларымен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін жас теннисшілер енген. Осы үрдіс аясында елдегі теннис инфрақұрылымының дамуы да жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Жуырда Астанадағы Ұлттық теннис орталығы International Tennis Federation тарапынан «Алтын деңгейлі» сертификатқа ие болды.
– Бұл – әлемдік деңгейдегі теннис орталығымыз бар деген сөз. Жоғары білікті мамандар, қатысушылардың саны, оған барлығы әсер етеді. Осындай белгіні алған Азия өңіріндегі жалғыз мемлекетпіз, – деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Медет Байкен.
Қазақстан теннис федерациясы талантты спортшыларды қолдауға арналған мақсатты бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Негізгі міндет – үздік нәтиже көрсетіп жатқан жас теннисшілердің шетелдік турнирлерге қатысуына жағдай жасап, олардың кәсіби деңгейде өсуіне мүмкіндік беру.
Айта кетейік, биыл отандық спортшылар халықаралық жарыстарда 200 медаль жеңіп алды.