Астанада төрт адам қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 5 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарақшылық шабуыл жасағаны үшін төрт сотталушыға қатысты үкім шығарды.
Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталған А.А., Б.Н., Б.А. және Б.Е. қылмысты алдын ала жоспарлап, рөлдерді бөлісіп, адам көзінен таса жерде бетперде және бас киім киіп, жәбірленушіге шабуыл жасаған.
Сот талқылауы барысында олар жәбірленушінің сол кезде осал жағдайда болуын мақсатты түрде пайдаланғаны анықталды. Сотталушылар айналаны бақылап, жәбірленушінің қараңғы уақытта адам аз жерде жалғыз жүргенін байқап, қылмыс жасау тәуекелінің төмен екенін бағалаған.
- Шабуыл кезінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып, оның мүлкін тартып алған. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен және өзге дәлелдемелермен расталды, - делінген ақпаратта.
Прокурор және жәбірленуші сотталушыларға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал сотталушылар мен қорғаушылары бас бостандығынан айыруға жатпайтын жаза тағайындауды өтінді.
ҚК 192-бабы 2-бөлігі 1-тармағы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде олардың істегендеріне өкінуін, жас ерекшеліктерін, жағымды мінездемелерін, жәбірленушіге залалды ерікті түрде өтеуін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Қылмыстың ауыр санатына жататынын, жәбірленушінің орта дәрежеде зардап шеккенін және тараптардың ұстанымын ескеріп, сот әр сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Астана полициясы «Tesla Education» орталығына қатысты арыздарды қарауға кірісті.