Бишімбаевтың анасын 1 млн долларға жуық сомаға алдаған туысы сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Мать Куандыка Бишимбаева выиграла суд по делу о мошенничестве в Астане
Фото: Дамира Кеңесбай / Kazinform

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың соңында Бекзат Кемелова ұлының қылмыстық ісіне қатысты күйзеліске түскен туысы Альмира Нұрлыбековадан ірі көлемде қаржы алған. Сот анықтағандай, айыпталушы азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен қамауда отырған Қуандық Бишімбаевты тұтқындау мен тәркілеуден сақтаймын деп анасының 990 мың доллар қаржысын иемденген.

Кейін оны өз қалауынша жұмсап, жәбірленушіге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Прокурор соттан Кемелованың мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тарап барынша қатаң жаза тағайындауды және келтірілген залалды толық көлемде өндіруді талап етті.

- ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған баласы барын таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот үкімімен Кемеловаға мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жыл мерзімге кейінге қалдырылды, - делінген Астана соттарының ақпаратында.

Жәбірленушінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың анасы туысымен соттасып жатқаны хабарланған болатын.

Сот барысында Бишімбаевтың анасы 1 млн долларға жуық ақшаны қайдан алғанын түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар