Астанада түнгі клубта жастар арасында жанжал туындап, 18 жастағы жігіт мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қасақана ауыр дене жарақатын салу салдарынан жәбірленушінің қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

ІІМ
Фото: Абай облысы ПД

– Алдын ала мәліметке сәйкес, түнгі ойын-сауық орындарының бірінің маңында жастар арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген Астана қаласының полиция департаменті таратқан хабарламада.

Сонымен қатар ведомство азаматтарды ойын-сауық мекемелеріне барған кезде қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға және жанжалдан аулақ болуға шақырды. 

– Заңға қайшы кез келген әрекет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген, – деді полиция департаменті.

Бұған дейін Алматының Бостандық ауданындағы ойын-сауық орындарының бірінің маңында бірнеше адамның бір ер азаматты соққыға жыққанын жазғанбыз. 

Сонымен қатар Оралда колледждің екі студенті төбелесіп, ауруханаға түскен еді.

Еске салсақ, Шымкент қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында болған жасөспірімдер арасындағы төбелесте қару қолданылған болуы мүмкін деген қауесет қылмыстық іс қозғауға себеп болды.

Қақтығысқа қатысқан барлық тұлғалар ұсталды. 

Соңғы жаңалықтар