Астанада Түркі академиясының 15 жылдығы атап өтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Халықаралық Түркі академиясының 15 жылдығына, сондай-ақ ЮНЕСКО бекіткен Дүниежүзі Түркі тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жуырда ЮНЕСКО шешімімен түркі тілдерінің дамуы мен сақталуы мақсатында 15 желтоқсан — Халықаралық түркі тілдері күні ретінде бекітілген еді.

Мерейтойлық жиында Түркі академиясының соңғы 15 жыл ішінде жариялаған ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, экспозицияда негізгі бірлескен зерттеулер, монографиялар мен ғылыми сериялар ұсынылып, академияның басты ғылыми бағыттары көрсетілді.

Қатысушылар назарына кітап көрмесімен қатар, Академияның қалыптасу және даму кезеңдерін, халықаралық жобаларын, ғылыми экспедицияларын, археологиялық зерттеулерін, сондай-ақ түркі мемлекеттерімен бірлесе атқарған маңызды іс-шаралары мен бастамаларын қамтыған фотогалерея ұсынылды.

Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев өз сөзінде 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркі мемлекеттері саммитінде Қазақстан тарапынан Түркі әлемінде ортақ зерттеулер жүргізетін ұйым құру ұсынылғанын, нәтижесінде 2010 жылы Астанада Түркі академиясының іргетасы қаланғанын еске салып, мерейтойлық шараның Қазақстанда атап өтілуінің ерекше мәнге ие екендігін атап өтті.

—Академия жанында тарих, археология, этнография, әдебиет, тіл білімі, терминология, өнер және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл зерттеулердің нәтижесінде жарық көрген ғылыми еңбектер түркі бірлігін нығайтуға және болашақ ұрпаққа бағдар беруге бағытталған нақты қадам. Моңғолиядағы Номғон, Қазақстандағы Жанкент қалашығы мен Маңғыстау облысындағы археологиялық қазбалар нәтижесі ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстырылды. Өткен жылы Академияның ұйытқы болуымен Ортақ түркі әліпбиі қабылданды, сондай-ақ Мемлекет басшыларының тапсырмасымен «Түркі елдерінің тарихы» академиялық монографиясы дайындалып жатыр, — деді академия басшысы.

Сонымен бірге, Ш. Мұстафаев академияның ғылым мен білім саласындағы интеграцияны дамытуға арналған бастамаларына тоқталып, академиялық алмасу бағдарламалары, Түркі университеттері одағы — TURKUNIB және ORHUN жобасы арқылы ортақ ғылыми және интеллектуалды кеңістік қалыптасып жатқанын атап өтті.
— Алдағы уақытта академияның ғылыми дипломатияны кеңейту мақсатында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және академиялық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді қызмет атқара беретінін жеткізді, — деді Түркі академиясының басшысы.

Шараның ашылу салтанатында Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің бұрынғы мүшесі, профессор Әділ Ахметов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, меркелік басқосуға Парламент депутаттары, Түркі әлемі елдерінің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық түркі ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жетекші университеттердің, кітапханалар мен музейлердің басшылары, көрнекті ғалымдар және БАҚ жетекшілері қатысты.
Бұған дейін Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев KAZINFORM агенттігіне берген сұхбатында академия қызметінің өзара байланысы туралы айтқан еді.