Астанада үйлерді жылыту алдағы 3 жылда күрделене түсуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылыту маусымында елордада сағатына 350 гигакалория жылу энергиясының тапшылығы байқалады. Ашық талқыға шығарылған «Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында» осындай деректер келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала сағатына 3,1 мың гигакалория (Гкал) жылу энергиясын тұтынады. Бірақ Астанада сағатына небәрі 2,7 мың Гкал жылу өндіріледі. Бұл жылу 28 млн шаршы метр тұрғын және тұрғын емес алаңдарға тарайды. Сонда тапшылық сағатына 350 Гкал-ды құрап отыр. Халық санының арту динамикасын ескере отырып, қаланы қосымша сағатына 1,5 мың Гкал жылу энергиясымен қамтамасыз ететін газ жылу стансасын салу қажет, - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Астанадағы тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялау бағдарламасында.
Құжатта жазылғандай, тапшылыққа шамадан тыс салынып жатқан тұрғын үйлер себеп. Жыл сайын елордада 3 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Тиісінше ол инженерлік инфрақұрылымға жүк түсіріп, жылу, су, электр энергиясы сияқты ресурстардың тапшылығына әкеледі.
Талдау көрсеткендей, жылу жүйелерінің бүгінгі қуаты жыл сайын пайдалануға берілетін 2 млн шаршы метрден аспайтын (қазір жыл сайын 3 млн шаршы метр) тұрғын үй қорын жылтуға қауқарлы. Елордада жылу энергиясының қазіргі тапшылығы сағатына 350 Гкал болса, онда алдағы 3 жылда тапшылық сағатына 900 Гкал-ға жетуі мүмкін, - деп мамандар жасаған болжам жазылған құжатта.
Қоса кетсек, бұған дейін елордадағы тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялау бағдарламасы аясында бірнеше аудандағы үйлерді таяу арада сүру жоспарланғанын жазып едік.
Сонымен бірге алдағы 3-5 жылда елорда аумағындағы тұрғын үй қырылысының қарқынын төмендету ұсынылды.