Астанада жаңбыр құйып тұр: құтқарушылар тұрғындарға ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Күн райына байланысты күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болып, қар ериді, ал түнде күрт суытады. Соның салдарынан жолдар мен тротуарларда көктайғақ орнайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың коммуналдық қызметі тұрғындардың қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Елордадан бір күнде қар полигондарына 2 302 ауыр жүк көлігінің рейсімен 35 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды. 6 ақпанға қараған түні қалада қар мен көктайғақты тазалау үшін 1 400-ден астам арнайы техника мен 400-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 6 ақпан күні Астанада қалың қар жауып, көктайғақ күтіледі.
— Түнде және таңертең тұман, күндіз бұрқасын болжанып отыр. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 9-14 м/с, ал таңертең және күндіз екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде және күндіз -1…-3°С, күндіз одан әрі төмендейді. 7 ақпан күні де боран соғып, қар жауады. Жел оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы түнде -17…-19°С, күндіз -14…-16°С болады, — делінген хабарламада.
Ауа райының құбылуына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Дауылды ескертулер мен ауа райының қолайсыздығы, сондай-ақ көлік жолдарының жабылуы туралы ақпаратты СМС-хабарламалар, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы қадағалау қажет.
Құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін еске салды:
- көктайғақ кезінде абайлап, асықпай жүріңіз;
- қатты жел немесе боран кезінде аса қажеттілік болмаса, ғимараттан шықпаңыз;
- жүргізушілер жолда қауіпсіз арақашықтықты сақтауы тиіс;
- өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет.
Астана әкімдігі тұрғындарды жолда мұқият болуға және мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған сәтте 112 нөміріне хабарласу қажет.
Осыдан бұрын ертең ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылатыны анықталды.