Астанада жазғы жүгіру маусымы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымының салтанатты ашылуы өтті. Спорттық іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысты. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлімдеді.

Астанада жазғы жүгіру маусымы басталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жалпы саны 1500-ге жуық қатысушы жүгіруді Ботаникалық саябақтан бастап, 4 шақырым қашықтықты бағындырды. Жарыс бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталды.

Астанада жазғы жүгіру маусымы басталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

– Бүгін ауа райы салқын болғанымен, көңіл күйіміз өте жақсы. Қаншама әуесқой спортшы жиналды. Мұндай марафондарға жылына бірнеше рет қатысамын. Биыл қатысу тегін болды. Салауатты өмір салтын ұстанатын барлық қатысушыларға және жеңімпаздарға алғыс айтамын, – дейді жарысқа қатысушылардың бірі Салтанат Мейрамқызы.

Астанада жазғы жүгіру маусымы басталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Әсербайдың айтуынша, жарысқа қатысқан барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталып, түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Айта кетейік, «Esil RUN» жобасы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық спорт басқармасы мен Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті. Іс-шара барысында қауіпсіздік шаралары толық сақталып, жедел медициналық жәрдем қызметі мен тәртіп сақшылары кезекшілік атқарды.

Астанада қысқы маусымда өткен марафонға 700-ден аса адам қатысқан еді. Олар Триатлон саябағында 5 шақырым қашықтықты бағындырған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар