Астанада желілік саябақ пен Президент кітапханасының құрылысы қашан аяқталады – әкімдік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Абу-Даби Плаза кешені аумағынан бастап Ботаникалық баққа дейін жететін желілік саябақ салынып жатыр. Сонымен қатар Президент кітапханасын салуға жер бөлінді.

Әкімдіктің хабарлауынша, 2024 жылғы 9 ақпанда келісілген эскиздік жоба бар. Аталған жобаға сәйкес, желілік саябақ Абу-Даби Плаза кешені мен Ботаникалық бақ арасын жалғау қажет. Жоба қаланың Бас жоспарына сәйкес келеді және өзара байланысқан, экологиялық тұрғыдан да қалалық құрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Абаттандыру жұмысын қаланың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жүргізіп жатыр. Саябақ аумағында іздестіру және жобалау жұмысын жүргізуге рұқсат 2023 жылғы 1 шілдеде әкімдік қаулысымен 3 жыл мерзімге берілген.
Осылайша, желілік саябақтың негізгі бөлігін абаттандыру 2026 жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, Алматы- Түркістан- Керей-Жәнібек хандар және Ақмешіт көшелері қиылысындағы саябақ аумағының бір бөлігі жекеменшікке беріліп, ол жер Президент кітапханасын салуға бөлінген.
- Қалалық әкімдіктің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 510-2846 қаулысымен ҚР Президенті Істері басқармасына жалпы көлемі 4,4675 га болатын аумақта Президент кітапханасына іздестіру және жобалау жұмысын жүргізуге 2028 жылғы 19 желтоқсанға дейін рұқсат берілді, - деп жауап берді елорда әкімдігі агенттік жолдаған ресми сауалға.
Еске салайық, биыл көктемде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек желілік саябақ құрылысына қатысты пікір білдірген еді.
Сондай-ақ елорда аудандарында ашылатын жаңа саябақтар туралы жазған едік.