Астанада алғаш рет жеңіл атлетикадан әлемдік жарыс өтеді

Астанада World Athletics Indoor Tour Gold Label жеңіл атлетика жарысы өтеді. Бұл жарыс Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына қатысу үшін ұпай жинауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

 Астанада жеңіл атлетикадан әлемдік жарыс өтеді
Фото: olympic.kz

World Athletics Indoor Tour – 2016 жылдан бері өтіп келе жатқан жабық жеңіл атлетика жарыстары. Бұл серия «Гауһар лигасы» үлгісінде жеңіл атлетикалық жабық жарыстардың беделін арттыру мақсатында жасалған. 2021 жылы World Athletics осы жарыстардың алтын, күміс және қола деңгейін ұсынды. Олар жарысты ұйымдастыру деңгейімен және жүлде қорымен ерекшеленеді.

Биыл Астанада алғаш рет World Athletics Indoor Tour Silver Level жарысы өткен еді. 2024 жылы Астана алтын деңгейдегі жарыстарды өткізеді. Осылайша, елорда Олимпиада маусымын ашпақ. Астанадан кейін бұл жарыстар Бостон, АҚШ (3 ақпан, 2024), Торун, Польша (6 ақпан, 2024), Льевен, Франция (10 ақпан, 2024), Нью-Йорк, АҚШ (11 ақпан, 2024), Мадрид, Испания (22 ақпан, 2024), Бирмингем, Ұлыбритания (24 ақпан, 2024) қалаларында жалғасын табады.

World Athletics Indoor Tour Gold Label – спортшыларға Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына қатысу үшін ұпай жинауға мүмкіндік беретін бір күндік рейтингтік жарыс. Ұпайлар әр бағыт бойынша төрт үздік спортшыға беріледі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукиннің айтуынша, Астанадағы турнир 2024 жылдың 27 қаңтарына жоспарланған.

«Қазақстан 2024 жылы INDOOR tour Gold LEVEL сериясының жарыстарын қабылдауға дайын. Astana meet for prizes of Amin Tuyakov турнирі отандық жеңіл атлетиканың жаңа тарихын ашады. Қазақстандық спортшылар әлемдегі ең мықты спортшылармен бірге жүгіру жолағына шығады. Турнирдің жүлде қоры 100 000 долларға жетеді. Жарыс жеңіл атлетиканың 12 түрі бойынша өтеді. Қорытынды нәтижелер қазақстандық спортшыларға 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алуға мүмкіндік береді», - деді П.Кукин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу қазақстандық желаяқтардың әлеуетін пайдалануға, халықтың жеңіл атлетикаға қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

«Соңғы 4 жылда қазақстандық спортшылар 60-тан астам рекорд орнатты. Бұл оң нәтижені көрсетеді, ұлттық чемпионаттарға қатысатын спортшылар саны 30%-ға өсті. Осы фактілердің барлығы Қазақстан жеңіл атлетикасын дамыту жолының тиімділігін көрсетеді», - деді Павел Кукин.

Соңғы жаңалықтар