Астанада жыл соңына дейін сегіз жаңа мектеп ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жаңа білім беру нысандары — мектептер, балабақшалар және көпфункциялы кешендердің құрылысы жалғасып жатыр.

Астанада жыл соңына дейін сегіз жаңа мектеп ашылады
Фото: Анастасия Палагутина/Kazinform

2025 жылы Астанада екі ауысымда 43 744 оқушыға арналған 14 мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 7 — жайлы мектеп, 4 — BIP жобасы бойынша, және 3 — жеке мектеп.

— 1 қыркүйекке қарай 24 мың орынға арналған 6 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 8 мектепті 19 744 орынмен іске қосу жоспарланып отыр, — деп хабарлады қала әкімдігінің білім басқармасы Kazinform агенттігінің сұрауына берген жауабында.

Мектептерден бөлек, биыл 600 орындық екі жаңа балабақша — №99 және №100 — ашылады. Қазіргі уақытта оларды пайдалануға беру дайындығы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 750 орындық көпфункциялы кешеннің құрылысы жүргізілуде, нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін Астанада үш ауысымда оқытатын төрт мектептегі және асыра толған жеті мектептегі оқушылардың көптігі мәселесін шешу жоспары туралы хабарланған еді.

Ал 1 қыркүйекте Қазақстанда 83 жаңа мектеп ашылды.

 

Соңғы жаңалықтар