Астанада жылдың үздік спорт қайраткерлері марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі жыл сайынғы «Үздік» премиясының жеңімпаздарын марапаттады. Жеңімпаздар қатарында Париж олимпиадасының чемпиондары, ауыл мамандары және үздік спорт ұйымдары бар.

Салтанатты кеште Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жыл отандық спорт үшін ерекше жыл болғанын атап өтті. Қазақстандық спортшылар биыл халықаралық ірі жарыстарда табысты нәтиже көрсетсе, елімізде ірі жарыстар ұйымдастырылды.

– Биылғы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада болғаны анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль. Гимнастикадан алғаш рет Олимпиада медалін жеңіп алдық. Ол жүлде Нариман Құрбановқа бұйырды. Давид Дегтярев пара-пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара-дзюдошы Ақмарал Науатбек Олимпиада шыңын бағындырды, – деді министр.

Сонымен бірге, биыл Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылды. Көшпенділер додасына 89 елдің үш мыңға жуық спортшысы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы есепте топ жарды.

Бүгінде, ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді, елімізде 8 млн астам адам спортпен шұғылданса, ұлттық спортпен – 650 мың адам айналысады.

– Биыл спорт басқармаларының басшыларын тағайындау тәртібі өзгерді. Бұл Президент тапсырмасы болатын. Спорт федерацияларының да жауапкершілі артты. Келесі жылы отандық спортшыларды бірнеше маңызды бәсеке күтіп тұр. 2025 жылдың ақпан айында 130-дан астам спортшыымыз Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысады. Келер жылы қысқы Олимпиада лицензиялары таратылады, жарыстардан барынша көп жолдама алуға тиіспіз, – деді Ербол Мырзабосынов.

Осылайша, жыл қорытындысы бойынша Елдос Сметов пен Давид Дегтярев «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Ал олардың жаттықтырушылары – Ғалымжан Жылгелдиев пен Юрий Колесников «Жылдың үздік жаттықтырушысы» марапатын алды.

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы» аталымында топ жарды.

Сондай-ақ, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Куанышбек Есекеев «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті», «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті Еркебұлан Ілиясов – «Үздік спорт меценаты» атанды.
Бұл ретте Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қаласында тұратын Ғизат Түсіпбаев «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» жүлдесімен марапатталды.

«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері» аталымында – Ерлан Тасболатов, «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы» аталымында – Дархан Шариғатов, «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» аталымында – Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі топ жарды.

«Жылдың үздік спорт ұйымы» – Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» болса, «Үздік спорттық өңір» жүлдесімен – Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы марапатталды.
«Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы» – Илья Мизерных, «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы» – Сергей Сергеев, «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» бағытында – Надежда Ким үздік атанды.
Парадзюдодан XVII жазғы Паралимпия ойындарының жеңімпазы Ақмарал Науатбек – «Спорттағы үздік серпін» жүлдесін алды.
Сонымен бірге, БАҚ өкілдері Жандос Айтбайұлы («Хабар» телеарнасы), Қуаныш Нұрданбекұлы («Егемен Қазақстан» газеті), Назерке Сұлтанбек («Sport+» сайты) – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы премияның лауреаттары атанды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Харбин-2025 Қысқы Азия ойынында ел намысын қанша спортшы қорғайтынын жазған болатынбыз.