Астанадағы еріктілер қатарында ата-әжелер де бар - Арсланбек Мағзұм

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы кейбір экологиялық акцияларға жастармен қатар қаланың қарт тұрғындары да қатысады. Бұл туралы «Жастар рухы» ЖҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм айтты.

Арсланбек Мағзұм
Фото: видеодан алынған скрин/JibekJoly

— Бізде «ерікті деген 35 жасқа дейінгі адам» деген ұғым қалыптасқан. Алайда кейбір акцияларға ата-әжелер де қатысады. Мәселен, бір апта бұрын өткен акциямызға 70-ке жақындаған әжеміз келіп көмектесті. Жалпы, Еуропа елдерінде ол қалыптасқан үрдіс. Оларда ерікті қариялардың бөлек ұйымдары бар. Осындай қозғалыс біздің елде де болады деген сенімдемін, - деді ол «Jibek Joly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында.

Сондай-ақ спикер Алматыда ашылмай жатып вандалдардың шабуылына ұшыраған Almaty Museum of Arts-тағы жағдайға қатысты пікірін білдірді.

вандализм
Фото: Арсланбек Мағзұм

– Нақты осы жағдайды әлеуметтік желіден көрдім... Қазіргі уақытта вандализм жасағандарға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 750 мың теңгеден астам сома (786400 тг – ред.). Бұдан бөлек, 160 сағат қоғамдық жұмысқа тарту және 50 күн қамауға алу жазасы бар. Бұл – комплескті түрдегі проблема. Біздің жастарда тәрбие бар, бірақ кейбір кездерде түсініксіз жағдайлар болып тұрады. Сондықтан менің ойымша жастар арасында профилактикалық жұмыстарды көбірек жүргізу керек, - деді Арсланбек Мағзұм.

Айта кетейік, өткен жылы елімізде вандализмге қатысты жаңа заң қабылданды.

Сондай-ақ жыл басынан бері елордада вандализмге барған 160 адам жазаланды.

Соңғы жаңалықтар