Астанадағы «Отбасы банк» филиалдарында ұзын-сонар кезек пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Отбасы банк» филиалдарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Таңертеңгі 09:0-де талон алған адамдардың өзіне енді ғана қызмет көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Костанай
Фото: Kazinform

Мәңгілік ел, 27 мекенжайындағы банк филиалының қабылдау бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, бүгін қызмет алуға жүгінген адамдардың саны әдеттегіден көп. 

— Демалыс күндері депозит салымшыларына мемлекеттік сыйлықақы түсіп болды. Күні ертең «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Осы аралықта адамдар отбасы мүшелерінің, туыстарының атына ашылған депозит ұяшықтарын біріктіріп үлгеруге асығып жатыр. Содан да қызмет алушылар саны күрт көбейіп кетті деп ойлаймын, — дейді консультанттар.

Ал «Отбасы банк» мобильді қосымшасы арқылы кезекті брондаудың ең жақын датасы 11 наурыздан басталып тұр.

Одан бөлек, кезекте тұрғандар арасында Зейнетақы қорынан Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударылған қаржымен ипотекалық несиені ішінара жабуға келгендер де бар. Олардың бірі бұл операцияны онлайн жасай алмайтынын айтады. Ал енді бірі коронавирус карантині кезінде «3 айлық несиелік каникул» алуы себепті бұл операция енді оған тек офлайн түрде жасалатынын айтады.

Айта кетейік, 5 наурызда «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылады.

17 наурызда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады.

Соңғы жаңалықтар