Астанадағы Талдыкөлде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Кіші Талдыкөл көлі ретке келтіріледі. Бұған дейін жақын маңдағы аудан тұрғындары жаңбырдан кейінгі батпақты иіске шағымданған еді. 

Астанадағы Талдыкөлде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр
Фото: Kazinform

Экология министрлігінің дерегінше, Кіші Талдыкөл айналасындағы белсенді құрылыс, көлдің жасанды түрде құрғатылуы және ластануы және Кіші Талдыкөл экожүйесін басқаруда кешенді тәсілдің болмауы секілді бірқатар мәселе әлі де сақталып отыр.

Экология министрлігі «SOS Taldykol» қоғамдық бірлестігімен бірге көлдер тобын сақтау және қалпына келтіру бойынша жол картасын әзірлеп, оны қала әкімдігіне қарауға жіберген.

Былтыр «Elorda Eco System» компаниясы көлге лас су ағызғаны үшін 1 476 800 теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Қазіргі уақытта Урбанистика орталығының қатысуымен жұмыс тобы құрылып жатыр. Бұл топқа «SOS Taldykol» ұйымының өкілдері мен британдық LDA Design компаниясының мамандары кірді. Олар № 5 және № 7 учаскелерді егжей-тегжейлі зерттеп, абаттандыру жоспары мен экологиялық шешімдерді әзірлейді. Жобаны 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Көлді тазарту бойынша әкімдік өткізген тендерде «Арғын Строй 2015» ЖШС жеңімпаз болған. Келісімшарт сомасы — 267 миллион теңге.

Айта кетейік, Кіші Талдыкөл — жай ғана су айдыны емес, елорданың микроклиматына әсер ететін маңызды экожүйе, биологиялық алуантүрліліктің көзі және сирек құстардың мекендейтін орны. Көл жерасты суларының деңгейін реттеуге көмектесіп, қолайлы қалалық ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Белсенділердің пікірінше, көлді құрғату мен құрылыс жүргізу климаттың нашарлауына, шаңды дауылдардың жиілеуіне және су тапшылығына әкеп соғады.

2022 жылы сот Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандарына көлдер тобын зерттеуді тапсырған. Мамандар қорытындысы бойынша, көлдер тобы шартты түрде 9 учаскеге бөлінген. 1 және 2-учаскелер — Үлкен Талдыкөл. Кіші Талдыкөлге қатысты: 3, 4, 5 және 8-учаскелері құрғатылған және ішінара құрылыс жүргізілген. Ол кезде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан.

Кейін Қазақстанның биолуантүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы Кіші Талдыкөлді әлі де сақтап қалуға болатынын айтып, бұл аумақта тіркелген флора, фауна түрлерін атады.

 

Соңғы жаңалықтар