Астанадағы «Тұлпар» сауда орталығы маңындағы сквер сот шешімінен кейін аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — «Тұлпар» сауда орталығы жанындағы болашақ сквер орналасқан аумақта сүрілуі тиіс бір нысан бойынша сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлады Байқоңыр ауданы әкімдігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында.
Сондықтан шамамен 7,5 мың шаршы метр аумақтағы абаттандыру жұмыстары сот шешімі шыққаннан кейін және қолайлы ауа райы орнағанда — 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге болашақ сквер аумағының бір бөлігі қазірдің өзінде абаттандырылғаны анықталды.
— Бүгінде нысанның бір бөлігі толық аяқталды. Атап айтқанда, 5 280 шаршы метрге брусчатка мен асфальт төселіп, 24 жарық шамы орнатылды. Сондай-ақ 160 ағаш, 3 474 сәндік бұта мен көпжылдық гүл отырғызылды. Ұзындығы 965 метр болатын Ш.Уәлиханов көшесі бойындағы аумақты қамтитын жергілікті суару жүйесі орнатылып, ол шамамен 11 000 шаршы метр жерді суарумен қамтамасыз етеді, — делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Жоба Астана қаласының «Урбанистика орталығы» әзірлеген эскизге сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Әкімдік өкілдері жобада архитектуралық шешімдер мен көгалдандыру көлеміне айтарлықтай өзгерістер енгізілмегенін атап өтті. Құрылыс пен абаттандыру толық аяқталған соң қоғамдық кеңістіктің ресми ашылуы өтуі мүмкін.
Жоба талқыланған кезде аудан тұрғындары көгалдандыру мен демалыс аймағын жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын білдірген, олардың бір бөлігі ескерілген.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, инженерлік ізденістер мен жобалау жұмыстарына рұқсат 2026 жылғы 6 наурызға дейін берілген.
Жобаға сәйкес, жаңа қоғамдық кеңістікте жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар мен тротуарлар, саябақ шамдары, көгалдандыру және автоматты суару жүйесі қарастырылған. Сквер аумағында сауда нүктелері болмайды.
Астана әкімдігі тағы да скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отырғаны белгілі болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңестің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәлім етті.