Астанадағы жұмыс кестесін өзгерту кептеліс мәселесін шешті ме — әкімнің жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Нұра ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Жеңіс Қасымбектен «Жаңа жұмыс кестесіне көшу елордадағы кептелісті азайтуға көмектесті ме?» деген сұрақ қойылды.
Әкімнің айтуынша, жаңа режимге көшу іс жүзінде қазан айынан басталды.
– Жаңа жұмыс кестесіне көшу қыркүйектен емес, 1 қазаннан басталды және 15 күннен кейін ғана аяқталады. Барлық мемлекеттік орган таңғы 8-ден басталатын жұмыс тәртібіне ауысады, - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.
Айтуынша, кейбір ведомстволар бұрынғы кесте бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.
– Құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдар, Сыртқы істер министрлігі және кейбір арнайы органдар, ұлттық компаниялардан «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», сонымен қатар «Самұрық-Қазына» бас кеңсесінің өзі ескі режимде жұмыс істейді, - деп нақтылады ол.
Әкімнің айтуынша, қаланың коммуналдық кәсіпорындары тәулік бойы жұмыс істейді. Алайда кеңсе бөлімі ресми түрде 7:30-дан басталады. Қала әкімдігі жұмысы да ресми түрде таңғы 7:30-дан басталады, бірақ қызметкерлердің көпшілігі жұмыс күнін таңғы 7-ден бастайды.
Әкім түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін және өтпелі кезеңнің нәтижесін күту керегін атап өтті.
– Бізге уақыт берсеңіздер. Біз қараша айында осы жұмыс режиміне біртіндеп өтеміз. Бір күнде бәрін мәжбүрлей алмаймыз. Мемлекеттік органдарға бір жарым ай бойы бірқалыпты режимге бейімделуге мүмкіндік берілді, өйткені оларда өңірлерде жұмыс істейтін департаменттер, басқармалар бар, сонымен қатар коммуникация, ерекше жағдайлар болады, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, алдын ала нәтиже қараша айының соңына дейін белгілі болады.
Бұған дейін Астана әкімі отставкаға кетуі жайлы қауесетті жоққа шығарған болатын.