Астанадан көктемде 1400 ұлан әскерге шақырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны 16 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Бұл жөнінде Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Руслан Балтемиров қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

— ҚР Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы № 1202 Жарлығына сәйкес сонымен қатар Астана қаласы әкімінің қаулысына сәйкес азаматтарды көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Маусым айының 30 дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ, жасы 18-ден 27-ге дейінгі 21 мыңнан астам азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр. Шақыру науқаны қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады, — деді Руслан Балтемиров.
Спикердің сөзінше, Астана қаласынан әскери бөлімдерге 1 400-ден астам азамат жіберіледі. Оның ішінде 788 сарбаз Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қосылады, 450-і Ұлттық ұланға, 120-сы ҰҚК Шекара қызметіне аттанады. Қалған азаматтар өзге де әскери құрылымдарға барады.
Айта кетейік, әскери қызметтен жалтарған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

— Шақыру қағазын алғанына қарамастан, себепсіз келмеген тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал әскери қызметтен әдейі жалтарған жағдайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай құқық бұзушылық үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, деді — Астана қаласының Қорғаныс істері Департаменті бастығының орынбасары Әнуар Әубәкіров.
Еске салайық, жақында бір топ ақтөбелік әскери борышын өтеуге аттанды.