Астаналық өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Астаналық өрт сөндірушілер Жасыл аймақтағы шартты өртті сөндірді. 23 мамырда елордалық ТЖ департаменті жасыл аймақ аумағында «Өрт-2025» тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. 

Астаналық өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл операцияның арнайы сценарийі бойынша құрғақ және ыстық ауа райының салдарынан елорданың барлық аумағында өрттің қауіпті деңгейі қалыптасады. Демалуға келген адамдардың сөндірмей қалдырып кеткен от ошақтарының салдарынан құрғақ шөп жанып, тілсіз жау ары қарай орман белдеуіне тарай бастайды. Қатты желдің салдарынан 4 өрт ошағы пайда болып, жақын маңдағы үйлерге таралу қаупі туындаған. Өрт аумағы 5 000 шаршы метрді қамтыды. Оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында қызыл жалын толығымен сөндірілді.

Астаналық өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Фото: видеодан алынған скрин

Шақыру орнына қаланың шұғыл қызметтері, оның ішінде ТЖ және Полиция департаменттері, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, «Астана Орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ, «Зеленстрой» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКМ жұмылдырылды. Жаттығуға барлығы 110 адам, 35 бірлік техника жұмылдырылды. 

– Жаттығудың басты мақсаты – орман және орманды дала өрттерін сөндіру бойынша оқиға кезінде қаланың шұғыл қызметтері мен өрт сөндірушілердің өзара іс-қимылдарын пысықтау, өрт сөндірушілердің кәсіби дағдыларын және дайындығын арттыру, - дейді қалалық ТДЖ өрт сөндіруді ұйымдастыру басқармасының бастығы Саят Қажымов.

Астаналық өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Фото: видеодан алынған скрин
Астаналық өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Фото: видеодан алынған скрин

Айта кетейік, өртенген құрғақ шөп уақытында өшірілмесе, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда өртенген жерде құрылыс нысандары мен тұрғын үйлер орналасқан мекендер зардап шегеді. Бұл орайда табиғи өрттердің шығуына көбінесе тұрғындардың салғырттығы себеп болады. 

Астана қаласы ТЖД табиғат аясына шыққан кезде сөндірілмеген темекі, сіріңкелерді лақтырмауды, аң аулауға шыққанда бықситын материалдардан жасалған оқ тығынын пайдаланбауды, демалатын жерден кетерде отты сумен сөндіруді немесе ошақтың жануы толық тоқтағанға дейін топырақ лақтыруды, шыны ыдысты және сынған шыныны қалдырмау қажеттігін ескертеді. 

Қазіргі кезде «Өрт 2025» тактикалық жаттығу жиындары республиканың барлың өңірінде ұйымдастырылып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентті ірі өрттен соң, қара қою түтін басқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар