Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астаналық сегіз жастағы гимнаст Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық жас спортшы Медина Есенбек көркем гимнастикадан Қытайда өткен халықаралық Zhong Ling Cup турнирінде бірден үш жүлдеге ие болды. Жарыс Гуандун провинциясының Хуэйчжоу қаласында өтті.

Астаналық сегіз жастағы гимнаст Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды
Фото: Астана әкімдігі

Турнирге Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Филиппин, Малайзия және басқа да елдердің гимнастшылары қатысты.

Қазақстан намысын жарыста тоғыз спортшы қорғады. Олардың төртеуі — астаналық гимнаст.

«Әлем Академиясының» тәрбиеленушісі, 8 жастағы Медина Есенбек жарыста үш медаль жеңіп алды. Ол шығыршықпен жаттығуда алтын, ал құралсыз жаттығу мен көпсайыста екі күміс медаль иеленді.

Астаналық сегіз жастағы гимнаст Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды
Фото: Астана әкімдігі

— Мединаның өнер көрсетуі ұлттық мәдениетіміздің әсем көрінісіне де айналды. Жас гимнаст кілемге қазақы ою-өрнекпен көмкерілген костюм киіп шығып, композициясын қазақ музыкасының сүйемелдеуімен орындады. Медина үшін бұл турнир тек спорттық жетістікпен шектелмей, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытуға берілген үлкен мүмкіндік болды, — деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық «классиктер» U20 әлем чемпионатын бір алтын медальмен аяқтағанын хабарлағанбыз.