Астаналықтар күрестен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды күтіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали (60 келі) елге оралды.

Әлем чемпионын елорда тұрғындары, ҚР туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ әскери қызметшілер әуежайдан салтанатты күтіп алды.

Айдосты әуежайда ұлттық музканың әуезді сазы және әскери оркестірдің айбынды үні қарсы алды. Сонымен қатар, әлем чемпионы ұлттық тағамымыз бауырсақтан дәм татып, қымыздан сусындады.


Айта кетейік, Президент грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды құттықтады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Айдос Сұлтанғали Қазақстан тарихында грек-рим күресінен 26 жылдан кейін әлем чемпионатында алтын алды.
Сондай-ақ Айдос Сұлтанғалидің ата-анасы баласының жеңісі туралы айтып, ұлының жеңіске жететініне сенім білдірген.