Астананың ажары: елорда тіршілігінің тасасында кімдердің еңбегі тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда жыл сайын көркейіп, туристерді көптеп тартатын ірі орталыққа айналып келеді. Алайда қаланың келбетін сәулетті ғимараттар мен жаңа нысандар ғана қалыптастырмайды. Қоғамдық тәртіпті күзеткен полицейден бастап, өндіріс орнында өнім шығарған маманға, көшеге гүл еккен бағбанға дейінгі мыңдаған адамның еңбегі Астананың күнделікті тіршілігіне нәр береді.
Қалаға алғаш келген адамның көзіне ең алдымен сәулетті ғимараттар, кең көшелер мен көрікті орындар түседі. Ал сол әсемдіктің артында қандай еңбек тұрғанын байқай бермейміз. Jibek Joly телеарнасының «Елмен бірге» бағдарламасы елорданың тыныс-тіршілігіне осы тұрғыдан үңіліп, қала өміріне үлес қосып жүрген мамандармен тілдесті.
Туристерді тәнті еткен қала
Астананың көрікті орындарының бірі — Есіл жағалауы. Қала тұрғындары серуендеп, тынығатын бұл мекен шетелдік қонақтардың да назарын аударады. Жағалаудағы кемеге мінуге келген туристерді қарсы алып, жолаушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін қадағалайтын қызметкерлер де елорданың қонақжай келбетін қалыптастыруға үлес қосып жүр.
Солардың бірі Алпамыс Бришев күн сайын түрлі адаммен жүздесіп, өз жұмысын атқарады. Оның айтуынша, Астана жыл өткен сайын өсіп, инфрақұрылымы жетіліп келеді. Қалаға шетелден келетін туристер де аз емес. Олардың арасында Бразилиядан келген қонақтар да болған.
Елорданың тазалығы мен сәулетіне тәнті болғандардың бірі — Англиядан келген Кэтрин Сударшан. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген турист Астананың көркіне ғана емес, тұрғындарының мейірімділігіне де сүйсінген.
— Бұл қала мені қатты таңғалдырды. Астана керемет, әдемі әрі таза екен. Мұндағы адамдар да өте мейірімді әрі қонақжай. Шынымды айтсам, бұл қалаға ғашық болып қалдым, — дейді ол.
Кэтрин елордада болған аз уақыт ішінде «Хан Шатыр» мен «Бейбітшілік және келісім сарайын», Бас мешіт пен православ шіркеуін аралап үлгерген. Оның әсерінен Астананың туристер үшін тартымдылығы тек сәулетінде емес, қалада сезілетін ерекше көңіл күйде де жатқанын аңғаруға болады.
Туризмнің дамуын келушілер саны да аңғартады. Астанаға жыл сайын шамамен 1,6 миллион турист келеді. Оның 400 мыңға жуығы — шетелдік қонақтар. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында елордаға 830 мыңға жуық турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Олардың 187 мыңға жуығы — шетел азаматтары.
Қалада іскерлік кездесулермен қатар мәдени, спорттық және медициналық туризм де дамып келеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызмет
Астанаға халықаралық кездесулер мен ірі іс-шараларға қатысу үшін түрлі елдің өкілдері келеді. Мұндай кезде қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мамандардың жұмысы күрделене түседі.
Астана қаласы полиция департаментінің мамандандырылған батальонында қызмет ететін полиция майоры Асылжан Сайлаубекұлы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қажет жағдайда шетелдік делегацияларды алып жүруге қатысады.
— Басқа мемлекеттің басшысын немесе жоғары лауазымды өкілін алып жүру — үлкен жауапкершілік. Мұндай міндетті атқару үшін қызметкерге сенім арту керек. Осы салада жүргеніме 15 жылдан асты. Өз жұмысымды мақтан тұтамын, — дейді ол.
Полицейдің сөзінше, Астананың соңғы жылдардағы қарқынды дамуы айқын байқалады. Елордада он жылдан бері тұратын маман қаладағы өзгерістерді қызмет барысында да көріп жүр.
Қала тыныштығының сақталуы көбіне көзге түсе бермейтін осындай қызметтердің жүйелі жұмысына байланысты. Бірақ елорданың дамуы қоғамдық қауіпсіздікпен ғана өлшенбейді. Оның экономикалық әлеуеті мен өндірістік мүмкіндігі де маңызды.
Қаланың көрінбейтін қорғанысы
Сәулетті ғимараттардың ұзақ жыл бойы берік тұруы үшін сапалы құрылыс материалдарымен қатар, арнайы қорғаныс технологиялары қажет. Металл мен бетонды коррозиядан, ультракүлгін сәуледен және өрт әсерінен қорғауға арналған индустриялық жабындар осы міндетті атқарады.
Астанада мұндай өнім шығаратын отандық кәсіпорын бар. Зауыт басшысы Медеу Ілімбаевтың айтуынша, кәсіпорын жылына 6 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда 80-нен астам адам жұмыс істейді. Өндірілген өнімнің 90 пайызы шетелге экспортталады.
— Біздің өнім металл конструкциялар мен бетонды коррозиядан және ультракүлгін сәуледен қорғайды. Өртке қарсы жабын металл конструкцияларды 120 минутқа дейін өрт әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Коррозияға төзімділігіне 50 жылға дейін кепілдік беріледі, — дейді Медеу Ілімбаев.
Кәсіпорын өнімдері Қазақстандағы тау-кен өндірісі, металлургия және мұнай-газ салаларында қолданылады. Зауыт басшысы елдегі ірі құрылыс жобаларында, соның ішінде «Барыс Арена» нысанында да өз өнімдерінің пайдаланылғанын атап өтті.
Өнімнің басым бөлігін экспорттау отандық өндірістің сыртқы нарықтағы орнын да көрсетеді. Зауыт Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанға өнім жеткізеді. Бұл — елордадағы өндірістік кәсіпорындардың тек ішкі сұранысты қамтамасыз етумен шектелмей, өзге нарықтарға да шығуға мүмкіндік алғанының бір көрінісі.
Мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасу
Астананың орталығында жұмыс іздеушілерге кеңес беріп, қысқа мерзімді курстарға бағыттайтын «Жол тап» әлеуметтік жобасының кеңселері жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға мамандық игеруге және еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі.
Жоба консультанты Нұрзия Самарханның айтуынша, курстар тегін өткізіледі. Оқу бағдарламалары жұмысшы және цифрлық мамандықтар болып екі бағытқа бөлінген. Барлығы 18 мамандық бойынша білім алуға болады.
— Қазір жасанды интеллектіге байланысты мамандықтар туралы жиі сұрайды. Сонымен қатар тігінші, электргазбен дәнекерлеуші, жиһаз жасаушы сияқты жұмысшы мамандықтарға да қызығушылық бар, — дейді ол.
Консультанттың мәліметінше, жоба үш жыл ішінде 22 мыңнан астам адамды оқытқан. Олардың 60 пайызы жұмысқа орналасса, 2 мыңнан астамы өз кәсібін ашқан.
Қалаға сән беретін жасыл желек
Елорда туралы сөз болғанда, оның сәулетімен қатар жасыл кеңістіктері де назар аудартады. Бағдарламада келтірілген дерек бойынша, Астанада 14 саябақ, 8 бульвар және 127 гүлзар бар. Қала ұлғайған сайын тұрғындардың демалуына арналған осындай орындардың маңызы да артып келеді.
Көгалдандыру жұмысына күн сайын атсалысып жүрген мамандардың бірі — Бауыржан Алдамжаров. Ол Астана көгалдандыру құрылысы мекемесінде бригадир болып еңбек етеді. Оның міндетіне гүлдерді күтіп-баптау, ағаштарды суару және жасыл желектің жайқалып өсуіне жағдай жасау кіреді.
— Елорданың ауа райына бейім ағаштар егіледі. Шырша, қарағай, жөке, шетен мен тал бар. Күн сайын суарамыз, арамшөптерді жұламыз. Осы салада жүргеніме 22 жыл болды. Адамға пайдасы тиетін, таза ауаға үлес қосатын жұмыс деп білемін, — дейді ол.
Бағбанның айтуынша, қаланы таза ұстау мен көркейтуге әр тұрғын жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені көше мен саябақтың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына емес, ортақ кеңістікке деген көзқарасқа да байланысты.
Осы еңбектің тағы бір қыры Орталық саябақтан көрінеді. Саябақта жұмыс істейтін орнитолог Светлана Старикова 1996 жылдан бері құстармен айналысып келеді. Қазір мұнда аққулар мен үйректер бар. Жараланған құстарды емдеп, қалпына келгендерін табиғи ортаға қайта жіберуге тырысады.
— Бұл саябақ маған өте жақын. Біз үшін кішкентай жасыл арал сияқты. Таңғы сағат алтыда келіп, бәрін тексеремін. Кейде балалар құстарға тас лақтырып жатады. Сондықтан оларға да, табиғатқа да жанашырлықпен қарау керек, — дейді Светлана Старикова.
Оның сөзінен саябақтың тек серуендейтін орын емес, тіршілік иелеріне қамқорлық жасалатын орта екенін аңғаруға болады. Құстарды қорғау, ағаштарды күту, гүлдерді баптау секілді жұмыстар қаланың экологиялық келбетін қалыптастырады.
Астана туралы әркімнің өз әсері бар. Бірі оны сәулетті ғимараттары үшін ұнатса, енді бірі тазалығы мен жасыл желегін бағалайды. Елорданың дамуы осындай қарапайым көрінетін, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты істерден құралады. Қаланың көркі көзге бірден түскенімен, оны күн сайын күтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндірісін дамытып жүрген адамдардың еңбегі әрдайым байқала бермейді. Ал Астананың шынайы тынысы дәл осы адамдардың күнделікті жұмысынан көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін, Астананың өзгерісін тұрғындар қалай бағалайтынын жазған едік.