Астананың қай аудандарында жаңа саябақтар ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Greenline бульвары салынады және Төле би көшесінен Ш. Айтматов көшесіне дейін «Жасыл дәліз» пайда болады.

саябақ
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы Астана әкімдігі Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасында айтты.

Базыкен
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Оның айтуынша, биыл Астанада 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Елордадағы 180 қоғамдық орын мен аула абаттандырылып, «Нұрлы жол» бульвары оңтүстік пен батысқа қарай жалғаспақ. Оған қоса, көпшілік асыға күткен ЛРТ көшелері де көгалдандырылады.

− LRT көпірінің астындағы аумақты абаттандыру қолға алынды. Мысалы Сығанақ көшесі Қабанбай батырдан Тәуелсіздік даңғылына дейін, «Қасбеттен қасбетке дейін» ұстанымы бойынша абаттандырылып жатыр. Бұл – жаяу жүргіншілер жолы, веложолдар, көгалдандыру және суару жұмыстары. Мұндай мысалдардың бірі – тіпті LRT көпірінің астында үлкен ағаштар егіліп жатыр. Бұл инфрақұрылымдық жобалардың көркін арттыра түседі. Бұл жұмыстар шамамен қазан-қараша айларында аяқталады, − деді Е.Базыкен.

Сонымен бірге, қаладағы екі ірі ауданда – Хан Шатырдан Ш. Айтматов көшесіне дейін, екіншісі – «Қазақ елі» алаңынан жаңа вокзалға дейінгі «Мыңжылдық» аллеясына басымдық беріледі. Greenline бульвары салынып, Төле би көшесінен Ш.Айтматов көшесіне дейін «Жасыл дәліз» пайда болады.

Еске сала кетсек, былтыр көпшіліктің көңілінен шыққан «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі — Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді.

Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.

Сондай-ақ, елордадағы Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні пайда болды.

Соңғы жаңалықтар