Астананың спорт нысандары Көшпенділер ойынына дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 10 күн қалды. Соңғы дайындық жұмыстары жөнінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев айтып берді.

БҚО
Фото: Астана әкімдігі

«Әрине, бізде соңғы жұмыстар қалды, спорттық жабдықтар спорт нысандарына жеткізілуде. Дегенмен барлық күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кейбір спорт нысандарында Қазақстанның ұлттық құрамалары жаттығуды бастап кетті», - деді спикер «Қазанат» ипподромында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бірнеше нысан халықаралық жарыстарға дайын, соның ішінде «Қазанат» ипподромында оқу-жаттығу жұмыстары жүріп жатыр.

«Мұнда үш күн бұрын біздің көкпардан ұлттық құрамамыз келді. Ал 10 күн бұрын дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамамыз дайындықтарын бастап кетті. Барлық спорт түрінен құрамаларымыз Астанаға жетті», - деп толықтырды Абылай Кондыбаев.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Онда спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Астанаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қазақ спортшылары барлық 21 спорт түрінен қатысады. Соның бәрінен медаль алуды жоспарланған.

Сондай-ақ, 8 қыркүйекте «Астана-Арена» стадионында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына барлық билет сатылып кетті.

Соңғы жаңалықтар