Астық базаларынан жөнелтілген өнім көлемі бір жылда 25 пайызға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясына қарасты астық базаларынан астық жөнелту көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсті.
2025 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының еншілес ұйымы – «Астық қоймалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі элеваторлардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, астықтың, оның ішінде мемлекеттік астық қорының сақталуын толық көлемде жүзеге асырды.
Қаңтар-желтоқсан айлары аралығында серіктестіктің астық қабылдау пункттеріне 434 мың тонна астық қабылданды. Оның 358 мың тоннасы – жаңа өнім. 2026 жылғы 19 қаңтардағы жағдай бойынша «Астық қоймалары» серіктестігінің элеваторларында 264 мың тонна астық сақтаулы.
Жыл қорытындысы бойынша төрт астық базасынан барлығы 432 мың тонна дәнді және майлы дақылдар жөнелтілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.
- Астық қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық астық қабылдау бекеттерінде ауыл шаруашылығы өнімін өлшеуді сурет арқылы тіркейтін ақпараттық жүйе енгізілді. Бұл адам факторының ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша серіктестік астық қабылдау бекеттерінің инфрақұрылымын күтіп-ұстау және жаңғырту жұмыстарына 404 миллион теңге бөлді. Үш астық базасы үшін астық кептіргіш қондырғылар мен автокөлік сатып алынды, қойма ғимараттары жөнделді, сондай-ақ теміржол кірме жолдарындағы бағыттамалар ауыстырылды, - делінген АШМ хабарламасында.
2026 жылы «Астық қоймалары» өндірістік қуаттарды жаңғыртуды жалғастырып, элеватор желісінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, шаруаларға мобильді астық кептіргіштерді лизингке алу мүмкіндігі ұсынылды.