Астықтан крахмал, глютен, биоэтанол алынатын 6 жоба қолға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – 2029 жылға дейін астықты терең өңдейтін 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Астықты терең өңдеуден әлемнің үздік 10 еліне кіру үшін не істелініп жатыр
Фото: Kazinform/ЖИ

Министрдің айтуынша, қазір елімізде жылына 510 мың тонна астық өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді.

– 2029 жылға дейін крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа да өнімдер шығаратын, жылына 5,8 млн тонна шикізат өңдейтін алты ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде бар, – деді А.Сапаров.

Атап айтқанда, Түркістан облысында «Казкрахмал» зауыты, ал Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының өндірістік жобасы іске қосылды.

Жаңа өндірістерді құрумен қатар, оларды шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жобалық қуаттарға шығару бойынша да кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында заманауи тауарлық сүт фермаларын салу жалғасып жатыр. Биыл жыл соңына дейін іске қосылған фермалардың жобалық қуатының 70%-ына, келер жылы толық қуатына шығару жоспарланған. Келер жылға жалпы қуаты 228 мың тонна сүт өндіретін 21 тауарлық сүт фермасынан тұратын жобалар пулы жасалды, – деп толықтырды министр.

Ет өндірісін ұлғайту үшін толық өндірістік циклі бар 6 ет кластері іске қосылмақ. Түркістан облысында алғашқы ірі мамандандырылған мал биржасы салынып жатыр.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі шаруаларды қолдауға жүздеген млрд қаражат бөлінетінін айтқан еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру, өнімді терең өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелерін көтерді.