Ата-ана баланың кеш дамып келе жатқанын байқаса, дереу дәрігерге апаруы керек — маман
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазіргі күні балалардың тілі көбіне кеш шығатын болды. Ата-аналар кейін сөйлеп кетеді деп күтіп, уақытты зая кетіреді.

Шындығында, сөйлеу қабілетінің кеш пайда болуы негізінен неврология, бұлшықет немесе қан айналымындағы бұзылыстармен байланысты болуы мүмкін. Балалар остеопаты, травматолог-ортопед, реабилитолог, медицина ғылымдарының магистрі Олжас Ахметов осыған байланысты кеңес берді.
— Бала дер кезінде сөйлеу үшін оның моторикасын, естуін, эмоционалды байланысын дамыту қажет. Егер ата-ана күмәнданса, остеопатқа, логопедке немесе неврологқа дер кезінде апарғаны дұрыс, — деді дәрігер.
Баланың сөйлеуінің белгілі бір даму кезеңдері бар. Егер 1 жасында баланың алғашқы сөздері болмаса, 2 жасында 20-30 сөз айтпаса, 3 жасында қарапайым сөйлем құрай алмаса, бұл маманға қаралуға себеп.
Кейбір аурудың көбеюіне телефонның әсері бары айтылып жүр. Маман телефон мен планшеттің балаға әсері туралы зерттеу жетерлік екенін тілге тиек етті. Ендігі жерде одан қол үзе алмаймыз, бірақ смартфонды пайдалану әдебін сақтап үйрену керек екенін айтты.
— Ұзақ уақыт экранға қарау көру қабілетінің, ұйқы сапасының бұзылуына, жүйке жүйесінің қозуына әкеп соғады. Әсіресе, оң-солын танып үлгермеген балалардың миы сыртқы тітіркендіргіштерге өте сезімтал. Сондықтан экранға тәуелділік олардың сөйлеу, ойлау, эмоционалдық дамуын баяулатуы мүмкін. Бірақ бұл — заман талабы. Сондықтан телефонды мүлдем алып қою мүмкін емес. Оның орнына баланың күн тәртібін реттеп, телефон қарау уақытын шектеу керек. Мысалы, 3 жасқа дейін телефонды мүлдем бермесе, 6 жасқа дейін күніне 30 минуттан аспағаны дұрыс, — деді Олжас Ахметов.
Әлемде остеопатияның негізі қаланғанына 130 жылдан асты. Ал Қазақстанға келгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Оны аутизм, церебралды сал ауруы, эпилепсия, сколиоз диагнозы қойылған, постравмалық, постинфекциялық жағдайдағы, омыртқа, бас және ішкі органдарға қатысты шағымданған науқастарға қолданады. Остеопатияда адамды дәрімен емес, саусақпен емдейді.
— Бізге көбіне кеш дамып келе жатқан балалар (психикалық дамудың тежелуі, сөйлеудің тежелуі), аутизм спектрі бұзылысы (АСБ), церебралды сал ауруы, гипоксия салдары, босану жарақаттары, мойынның қисаюы, тіпті іш қату, ұйқы бұзылысы, мазасыздық сияқты мәселелермен келеді. Әр балаға кешенді түрде қарап, оның жүйке, бұлшықет және сүйек жүйесінің үйлесімді жұмыс істеуін реттеуге тырысамыз, — деді Олжас Ахметов.
Маман анасының эмоционалды жағдайы балаға тікелей әсер ететінін жеткізді.
— Менің тәжірибемде мазасыз, жиі жылайтын, ұйқысы бұзылған балалар көп кездеседі. Олардың аналары көбіне жүктілік кезінде стресс, қорқыныш, шаршау сияқты қиындықтарды бастан өткерген, — деді ол.
Сондықтан маман әйелдерге өздерін күтіп, психологиялық денсаулығына мән беруге кеңес берді.
— Бала сау болуы үшін, ең алдымен, ана бақытты болуы керек. Дұрыс тамақтану, жеткілікті демалу, эмоционалды қолдау — бәрі маңызды. Егер ана өзін жақсы сезінсе, ол баласына да жағымды әсер етеді, — деді остеопат.
Бұған дейін соңғы кездері көптеген ата-ана баласының тілі кеш шығатынына шағымданатынын және логопедке жүгінушілер саны артқанын, соған орай маман пікірімен бөліскенбіз.