Ата-ана телефонға үңіліп баланы дұрыс тамақтандырмайды - дәрігер
Балалар арасындағы аурудың бәрі – астан. Баланы дұрыс тамақтандырмайтын ата-ана оның емі үшін көп күш пен уақытын жібереді. Бұл туралы емхананың бас дәрігері, педиатр Жаухар Калманова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

– «Қазіргі балалар аурушаң», «ауырмайтын жері жоқ» деп жиі айтамыз. Балалар неге жиі ауыра бастады?
– Шынымды айтсам, балалардың аурушаңдығы ата-аналарға байланысты. Ұялы телефонға берілген, жұмысбасты ата-ана кешке үйге келген соң асты тез әзірлеуге кіріседі. Тым шаршап келсе фаст-фудқа тапсырыс береді. Сөйтіп тамақтану жүйесі өзгеріп, иммунитеті төмендейді. Бала әлсіреп, вирус, инфекцияны тез жұқтырады, аурушаң болады. 2-5 жасар балалардың арнайы мәзірі болуы тиіс. Ал біз оларға өзіміздің тамағымызды береміз. Алғаш кезде еш өзгеріс, кері әсерін сезбейді, кейін іш қатуы болады. Ішек құрылысы шлакқа толады.
– Сонда біз баланы дұрыс тамақтандыруды білмейміз бе?
– Бала тамағының мәзірі өте маңызды. Дұрыс тамақтандырса, таңертең ботқасын беріп, түскі асын уақытылы ұсынса, кешкі асын кешіктірмесе, ештеңе де болмай еді. Сорпасы мол тағам сіңімді болады. Бірінші, екінші деп бөлген дұрыс. Ал біз болсақ, сорпа немесе қуырмаш береміз. Сонымен бірге шоколад пен тәттіні шектеп үйрену керек. Баласын жақсы көріп, еркелетіп, сұрағынын беріп, үйретіп тастаған. Жарнамасы көз жауын алатын, өзі адам өміріне қауіпті, денсаулығына зиянды шоколадты бермеу керек. Ал екінші кезекте – уақытылы вакцина салдырған дұрыс. Адамдар балаларына вакцина салдырмайды, салдарынан қазір вирус күшейіп тұр. Қызылшаны емдейді, бірақ арты өзге ауруға себеп болуы мүмкін. Арада 1 жылдан астам уақыт өткенде басына су жиналып, ойлау қабілеті нашарлайды. Туабітті сал ауруынан да жаман деп айтуға болады.
– Қазір «қызылша көбейіп кетті» деп дабыл қағып жүрміз. Тіпті үйден де ем алып жатыр. Сонда алдағы жылдары өзге ауру асқынуы мүмкін бе?
– Иә, бұдан да жаман дертке ушықтырады. Адамдар «қызылшадан емделдім, бәрі жақсы» деп ойлайды. Шын мәнінде арты қиын болады. Ақтөбеде вирус жұқтырған адам көп болып, «Шағала» сауықтыру орны емдеу стационарына айналды. Коронавирус инфекциясы кезінде бәрі бір хаттамамен ем қабылдады. Мұнда да, дәл сондай. Дәрігерлер адамдарды жаппай емдейді. Антибиотик беріп, қызуын түсіреді. Ал үйден ем алып жатқандарға емхана қызметкерлері барады. Бес тәуліктен кейін анализ алып, диагноз қояды. Тағы бес күн өткен соң ғана нақты дерті белгілі болады.
– Вирус жұқтырған адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін дәрігерлердің өзі қорғалған ба?
– Жасы 50-ге толмаған дәрігерлердің бәрі вакцина салдырды. 2019 жылы иммундау жұмысы жүріп, сол кезде көбі вакцина қабылдаған.
– Балалар арасында тағы қандай сырқат көп?
– Цитомегаловирус көбейді. Балалардың дерті көбіне иммун тапшылығына әкеп соғады. Бұл – тері және шырышты қабаттарда өзіне тән бөртпелердің, шоғырланған көпіршіктердің дамуы негізінде тарайтын вирус. Бала да, ересек адам да тасымалдаушы болып саналады. Мәселен В гепатиті нашақорларда кездеседі, сонымен бірге тіс емдегенде жұқтырып жатады. Бұл бауыр церрозына әкеп соғатын дерт екені белгілі. Цитомегаловирус та осыған ұқсас. Бұл бауырмен қатар миға да кері әсерін тигізеді. Кейде туабітті цитомегаловирус болса «сарысы шығып кетті» деп жатамыз. «Күн астына жатқызамыз, лампа қосамыз» деп жеңіл қарай саламыз. Улы зат миды зақымдауы мүмкін. Сонымен бірге балалар тәттіге әуес. Іште құрт та көбейген. Ол демікпе дертіне әкеледі. Паразит қанға кетіп қалса, шығуы қиын. Аллергияны қоздырып, денесіне түрлі жара қаптайды. Тамақтануды дұрыстасақ, зиянды тағамнан бас тартсақ, бәрі де қалпына келіп, жақсы болады.
– Адамның санасын қалай өзгертеміз? Дұрыс режим туралы білеміз, бірақ оны сақтамаймыз?
– Адамдардың сана-сезімін өзгерту үшін оқыту керек те шығар. Бірақ ата-аналарға арналған түрлі жаттығу бар. Түсінеді, ұғынады, бірақ шыға алмайды, интернет бәрін шырмап алып, жіпсіз байлап отыр. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін үңіледі де отырады. Сол тәуелділікті жеңбей, біз өз денсаулығымызды қалпына келтіре алмаймыз. Нашақор, ішімдікке салынған адамдарға айтасың, түсіндіресің, емдейсің, психолог, психиатрмен сөйлеседі. Бірауық жақсы болып, кейін бұрынғы әдетіне қайта басады. Бұл жерде де сондай. Ата-ана алғашқы үш күнінде үйренеді, ережені сақтайды. Кейін бұрынғы қалпына түседі. Кейбір жас аналар «балам жылады, іші кеуіп кетті» деп келеді. Олардың кейбірі дұрыс емізу жолын да үйренбеген, білмейді. Іші кепсе, «сарысы» күшейе түседі. Ауа кіндіктің үстіне жиналып, диафрагманы қысып, өт жұмыс істемей қалады.
– Бала дұрыс өсіп-жетілуі үшін қандай дәрумен қабылдауы тиіс?
– Дәруменді көп ішсем, денсаулығым мықты болады деген түсінік қате. Егер дұрыс тамақтансақ, қажеттіні ағзаға сіңіре аламыз. Қазір көбі биологиялық белсенді қоспа ішеді. Дені желілік бизнестегі тауар екенін ұққанымыз жөн. Олар арты неге апарып соғады деп ойламайды, ал дәрігерлер бәрін де екшелеп отырады. Кез келген белсенді қоспа – дайын, жасанды өнім. Адам ағзасы үйренсе, соған бейімделіп кетеді. Ауырып жүрген кезде витамин ішпеген жөн. Тек аскорбин қышқылын ішуге рұқсат етеміз. Сонымен бірге дәріханадағы дәрумендерді бір ай ішуге болады. Ал өмір бойы тұтыну, «қорғанамын» деп ойлау қате.
– Ата-аналарға берер кеңесіңіз...
– Баланы жақсы көре білу керек. Екі жастағы баланың анасы келгенде «мынаны бер, мынау пайдалы» десең, «оның ішкісі, жегісі келмейді» деп айтады. Екі жастағы бала өзіне не керегін, дұрыс жолы қайсысы екенін нақты білмейді ғой. Сондықтан ата-ана баласын еркелетіп жіберіп, игере алмай қалады. Тамақтану, демалу, сөйлесудің бәріне ата-ана жауапты. Телефонды шұқылағаннан гөрі баламен бірге ойнап, дамыту маңызды. Логопед емес, анасы жақсы маман бала үшін.
–Кез келген ана логопед бола ала ма?
– Интернетте пайдалы ақпарат көп. Көріп, үйреніп алса, анасы да логопед болады. Бұрын бір жаста бала 20-30 сөз білуі керек болды. 1996 жылы медициналық жоғары оқу орнын бітірдім. Сол кезде осындай талапты айтатын. Қазір «мама, папа, бер» дегенді ғана айтады.
–Кеңесіңізге рахмет!