Ата-аналар балаларының «зиянды әдеттері» үшін жазалана ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ата-аналарға қатысты заң қатаңдатылды деген мәлімет расталмады, деп хабарлайды Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының баспасөз қызметі.

день защиты детей, парк, семья, люди, дети, балалар қорғау күні, саябақ, балалар, адамдар, отбасы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ведомство мәлім еткендей, Қазақстанда ата-аналардың «балаларда зиянды әдеттерді қалыптастырғаны үшін» жауапкершілігі күшейтілді деген мазмұндағы хабарламалардың таралған. Бірқатар жарияланымда құқық қолдану практикасы мен уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне сүйенбестен, заңнамаға қатысты субъективті пікірлер немесе авторлық интерпретациялар редакциялық ұстаным ретінде ұсынылып жатыр. 

— Мұндай бұрмалаулар, әдетте, жарияланымға назар аударту, аудиторияның қамтылуы мен белсенділігін арттыру, сондай-ақ құқықтық нормаларды репрессивті немесе шамадан тыс сипатта көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, үрей тудыратын тұжырымдар құқықтық логиканы эмоциялық бағалаумен алмастырып, қоғамда белгісіздік пен мемлекет институттарға деген сенімсіздік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, — делінген хабарламада.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің түсіндіруінше, заңнамада шынымен де ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Алайда бұл жауапкершілік автоматты түрде қолданылмайды және мән-жайлардың жиынтығы негізінде белгіленеді.

— Мұндай факторларға алкогольді жүйелі түрде теріс пайдалану, баланың өмір сүруі мен дамуы үшін тиісті жағдайлардың болмауы, сондай-ақ ата-аналардың баланың психикалық және моральдық жағдайына теріс әсер ететін мінез-құлқы жатады. Әрбір іс жеке тәртіппен қаралады, ал шешім барлық мән-жайды ескере отырып, тек сот арқылы қабылданады, — делінген орталық таратқан хабарламада. 

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы журналистерді, блогерлерді және сарапшыларды құқықтық нормалармен жауапкершілікпен жұмыс істеуге, уәкілетті органдардың ресми түсініктемелер сұратуға, сондай-ақ азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін жеңілдетілген немесе алаңдатушы интерпретацияларға жол бермеуге шақырады.

Бұдан бұрын Алматыда жалған марапат таратқан азамат жауапқа тартылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар