Ата-аналар мектептегі тамақтандыру процесін тікелей бақылай алады – министр

Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту процесін ата-аналардың тікелей бақылау мүмкіндігі бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

Ата-аналар мектептегі тамақтандыру процесін тікелей бақылай алады – министр
Фото: primeminister.kz

«Мектепте ыстық тамақ беру бала ағзасына және интеллектуалдық дамуына оң ықпал етеді. Осы орайда бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биыл 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанып жатыр», - деді Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз қызметінде.

Министрдің айтуынша, тамақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілді.

«Мектепте тамақтандырумен айналысатын ұйымның алдынала санэпидемиологиялық қызмет қорытындысы болуы керек. Мектептегі қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған комиссия қызметі күшейтілді. Қабылданған шаралар тамақтану сапасын жақсартуды ғана емес, тамақтану мәдениетін арттыруды да көздейді. Біз барлық ата-ананы мектептегі тамақ сапасын бақылауға қатысуға шақырамыз. Ол үшін мектептерде арнайы комиссия бар. Егер комиссияның мүшесі боламын десеңіз, 8 (7172) 74-25-28 телефоны арқылы хабарласып, ақпаратты алуға болады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар