Ата-бабамыздан келе жатқан ынтымақ пен бірлікті сақтауымыз керек -Сапарбаев

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай 10 мың адам шеруге шықты. Ресейдің Орынбор қаласы мен Татарстаннан келген өнерпаздар концерт қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ата-бабамыздан келе жатқан ынтымақ пен бірлікті сақтауымыз керек -Сапарбаев

Бүгін «Бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік шеру өтті. Шеруге өндіріс орындарының жұмысшылары, құрылысшылар мен мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, этномәдени бірлестік өкілдері шықты. Барлығы 10 мың адам Ақтөбенің бас даңғылымен жүріп өтіп, «Қазақ халқына мың алғыс» стелласына жиналды. Стелла маңындағы сахнада театрландырылған әдеби-хореографиялық көрініс өтеді. Көрініс «Туған жер», «Рухани жаңғыру», «Астана-Мәңгілік Ел», «Бақытты бала» композицияларынан тұрды. Өңір басшысы ақтөбеліктерді бірлік күнімен құттықтады.
nullnull
nullnull

«Бүгінгі күн бейбітшіліктің, достықтың, ынтымақтың мерекесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мәңгілік елдің алтын діңгегі бірлік пен береке. Өткен 27 жылда Қазақстан көпұлтты мемлекетте бірлік, достық, ынтымақтың бар екеннін көрсетті. Соның арқасында елде тұрақтылық бар, экономика дамып, саясатта да алдыңғы қатарлы орындарға жетіп отырмыз. Қазақстанда 130-ға жуық ұлт өкілі тұрады. Олардың бәрі бір отбасының баласындай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Саясатта, экономикадағы жеткен жетістіктің негізі осында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздегі бірлікті, ынтымақты көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп айтады. Біз мемлекетімізде тұрып жатқан әр азаматтың ұлтына, дініне қарамай барлық жағдайын жасауымыз керек. Әрбір ұлттың өкілі Қазақстанда өз тарихын, салтын, дәстүрін, өнерін, тілін білуі тиіс. Қазақстандағы этномәдени орталық жұмыстарының басты мақсаты осы. Парламенттегі 9 депутат ұлт болашағы, дамуы үшін үлкен жұмыс атқарып, көмек жасайды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қазір Ақтөбе облысында 100-ге жуық өзге ұлт өкілі тұрады. Барлығы 18 этномәдени орталық жұмыс істеп тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған ғимаратта жексенбілік сабақтар өтеді.

«Бірлік, ынтымақтың мерекесіне мыңдаған адам жиналды. Бұл бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ел екенімізді көрсетеді. Егер біз дамыған 30 елдің қатарына енеміз десек, ата-бабамыздан келе жатқан ынтымақ пен бірлікті сақтауымыз керек. Қандай да бір қиын заман болса да, соғыс, ашаршылық, репрессия кезінде қазақтар өзге ұлтты қасына жинап, бір үзім нанды бөліп жеп, көмектесті, өмірін сақтауына мүмкіндік жасады. Сондықтан дүниежүзі қазақ халқын сыйлайды, қазақтың қонақжайлылығына басын иеді»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Бүгін Ақтөбенің мәдени, әлеуметтік іс-шарасына белсене араласып, экономикасының дамуына үлес қосқан этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Сонымен қатар, Ақтөбе сахнасында Ресейдің Орынбор қаласы мен Татарстаннан келген өнерпаздар концерт қойды.
nullnullnull