Атақ әлде абырой: Педагогтер медальді неге сатып алады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазақстанда мұғалімдерге ғана емес, кез келген сала қызметкеріне арналған медаль бар. Арнайы портал жарнама жасап, сұранысқа сай дайындап та береді. Баға да сол сұранысқа қарай өзгеріп отырады. Ал оны кімдер тапсырыспен алдырады? Медаль алғанның бәрі атаққұмар ма, әлде еңбек еленбей, өз-өзін жұбату ма? Kazinform Мәжілісте жылдар бойы көтерілген тақырыпты саралады.
Медаль — сувенир
Қазақстанда мемлекеттік медаль ҚР Президентінің Жарлығымен беріледі. Ол үшін мемлекеттік мекемелер, әкімдіктер, министрліктер алдын ала деректерді жинап, қызметкердің еңбек жолы мен жетістіктерін саралайды.
Одан кейінгі орында ведомстволық медаль тұр. Яғни министрліктер өз саласының үздіктерін іріктеп, ынталандырады. Бұл қатарда қазір түрлі қоғамдық ұйым мен қордың марапаты тұр.
Парламент Мәжілісінде жиі көтерілетін даулы сұрақтың көбі осы тұста туындайды. Биыл депутат Мақсат Толықбай «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы», тіпті «Ғасыр ұстазы» медальдары сатылатынын айтып, атаққұмарлық дертін қозғады.
— Марапат пен атақ базарда сатылатын сувенир сияқты, — деді ол.
Иә, бұл сөздің тура мағынасында жаны бар. Елімізде металдан сувенир жасап беретін кәсіпорындар бар. Дизайнын да жасайды, қалағаныңызды жазып береді.
Бірінде құны — 5 000 теңге. Салмағы 55 гр болатын медальдің авторлық құқығы қорғалған.

«Құрметті ұстаз» медалін 3 500 теңгеге де сатып алуға болады. Тағы бір интернет дүкенде медальді куәлігімен қоса сатады. Мұнда «Жомарт жүрек», «Асыл ана», «Үздік педагог» және түрлі мерекелік медальді 1 800 теңгеге бағалаған. Куәлігімен қоса алса бағасы 2 500 теңге және одан жоғары.
Дәл осыны тапсырыспен алдыратын қоғамдық ұйым мен қорлар мөрін басып, тарата береді. Бұған елде еш тыйым салынбаған, себебі ақылы болғанымен, салмағы, құны жоқ. Жұрт алдында атап шақырғанымен, көпшілік қошемет білдіргенімен, еш жер есепке алмайды.
Кәсіподақ та медаль береді. Кімге?
Елімізде Кәсіподақтар федерациясы жұмыс істеп келеді. Әр сала қамтылған, әр аймақта филиалдары бар. Ресми сайттағы дерекке сүйенсек, ұйымға мүше азаматтардың саны 1,5 миллионнан асады. Құрылымы бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан бастап, салалық кәсіподақтар мен аумақтық бірлестіктерге дейін тармақталған.
Білім саласында кәсіподақ жұмысы облыстық және қалалық деңгейде ұйымдастырылған. Мысалы, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағында 33 мыңнан астам мүше бар.
Облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікованың айтуынша, кәсіподақ мүшелері үшін шипажайға жолдама беру, тарихи-танымдық саяхат ұйымдастыру, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған кезде материалдық көмек көрсету қарастырылған. Бұл қолдаулар барлық адамға бір мезетте емес, белгіленген тәртіп пен кезек негізінде жүзеге асырылады.
— Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының негізгі мақсаты — әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек құқықтарын қорғау, қызметкерлердің білімін жетілдіру, гендерлік саясатты қамтамасыз ету және мүшелерін әлеуметтік тұрғыда қолдау. Облыстағы білім және ғылым саласында 618 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Әрқайсысында төраға сайланған. Мектептерде бұл — қоғамдық негізде атқарылатын жұмыс. Марапат мәселесіне келсек, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Жарғысында кәсіподақ мүшелерін ерекше белгілермен марапаттау туралы ұсыныстар енгізу тәртібі қарастырылған. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымы арасында 2024–2026 жылдарға арналған келісім бар. Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің 7-тарауының 6-тармақшасында азаматтық қызметшілер мен өзге де қызметкерлерді ынталандыру тетіктері белгіленген. Өздері немесе оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен кәсіподақ мүшелеріне алғыс хат, сыйақы, сауықтыру орындарына жолдама беріліп, тарихи-танымдық орындарға саяхат ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда облыстық білім басқармасымен бірлесіп облыс әкіміне де ұсыныстар жолдаймыз. Медаль барлық мұғалімдерге берілмейді. Тек жетістікке жеткен кәсіподақ төрағалары мен комитет мүшелері «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» күміс белгісін, «Кәсіподаққа сіңірген айрықша еңбегі үшін» алтын белгісін ала алады. Олар қызметте 7–10 жыл жұмыс істеуі тиіс. Ал «Әлеуметтік әріптестікке сіңірген еңбегі үшін» медалі білім беру ұйымдарының басшыларына, яғни әлеуметтік әріптестерге арналған. «Кәсіподақ ардагері» медалі кәсіподақта ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азаматтарға табысталады, — деді облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова.
Медальмен қоса қоса тарихи-танымдық саяхаттарға жолдама, кейде сыйақы беріледі. Еңбек өтілі мен еңбегі ескеріледі. Кәсіподақ ведомстволық марапаттарға да ұсыныс береді, алайда олардың барлығы бірдей мақұлдана бермейді.
— Медаль оңды-солды таратылмайды. Марапаттау мәселесі тек өтініш түскен жағдайда ғана қаралады. Бұл ретте еңбек өтілі мен қол жеткізген жетістіктері жан-жақты сарапталады. Кәсіподақ мүшелерімен кездесуде сырттан сатып алған медальдардың ешқандай құны жоқ екенін арнайы түсіндіріп келеміз. Соның нәтижесінде соңғы бес-алты жылда бұл мәселе мүлде көтерілген жоқ. Аттестация барысында да медальдың ешқандай артықшылық бермейтінін ашық айтамыз, — деді кәсіподақ төрағасы.

Сіңірген еңбегім бар, сол үшін де бардым — Нұрбатис Тобағабылова
Тіл маманы, облыстық қоғамдық кеңестің сарапшысы Нұрбатис Тобағабылова «Қоғам қайраткері» медалін алған. Бұл — қоғамдық қор берген марапат.
Хабарландыруды әлеуметтік желіден көрді, құжаттарын тапсырып, Астанада өткен марапаттау рәсіміне қатысты. Медаль бар, бірақ оны таққысы келмейді.
— Астанада «Білім өркениеті» орталығы ашылып, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берді. «Қоғам қайраткері» атағына лайықты адамдар құжатын тапсырсын, қараймыз» деген мағынада хабарлама. Бұл туралы біраз адамнан сұрадым, әкімдіктен де хабарын білдім. Министрліктен болар деген ой түйдім. Себебі мен жас кезімнен, 15 жасымда колледжге түскеннен бастап қоғамдық жұмыспен айналысып жүрген адаммын. Бірақ көп адам ол марапат туралы біле қоймады. Мән бермей, жүре бердім. Кейін адамдар «сен неге құжатыңды жібермейсің, анықтап қарар, жарамаса қайтарып жіберер» деп айтты. Құжаттардың көшірмесін жасап, куәландырып, ұйымға салдым. Алдын ала сөйлескен кезде орындалған жұмысқа ақы алатынын жасырмады. Медаль, мүсінше және кітабы бар. Бағасы 70-80 мың теңгедей болды. Қымбат көріп, ардагер екенімді айтып, бас тарттым. Бірнеше күннен кейін олар хабарласып, жеңілдік жасайтынын, атаққа лайықты екенімді айтты. Содан 15-20 мың теңге төледім. Астанадағы орталық кітапханаға жинады, сахнаға шығарып, табыстады. Сіңірген еңбегім бар, сол үшін де бардым, — деді тіл жанашыры, облыстық қоғамдық кеңестің сарапшысы Нұрбатис Тобағабылова.
Студент шағында қоғамдық жұмыстарға араласса, кейін өзі оқыған колледжде 10 жыл бойы студенттердің кәсіподақ комитетін басқарды. Кейін тіл маманы өз саласына ауысты.
Қалалық «Қазақ тілі» қоғамында еңбек етті.
— Колледжде он жыл бойы лингвистика кафедрасын басқардым. Сол кезде екі рет марапат алдым. 1997 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі және әкімдік сыйлығы. Одан кейін марапат болмады. Тіпті зейнетке шыққанда құр алғыс хат берді. Ренішім болды, құрмет көрсетпеді. Қазір жасым 70-тен асты. Облыстық қоғамдық кеңестің сарапшысымын. Екі рет мүшесі болдым. Зейнетке шыққан соң колледжде ардагерлер кеңесін құрдым. Еңбегім еленіп, «Ақтөбе облысына еңбек сіңірген» төсбелгісін алдым. Тақырып өзекті. Бірақ оның екі ұшы бар. Сондықтан ұсынысымды айтайын. Мұндай ұйымдар болуы керек. Себебі министрлік бәріне бірдей көңіл бөле алмайды, үлгермейді. Ұйымдарды алсам, кеңес құрып, оған министрлік өкілі қатысуы тиіс. Үкіметтік бақылау, есеп болуы керек. Бір жағы министрліктің марапаты болмаған соң олқы санаймын. Ал сіңірген еңбегімді ойласам, дұрыс сияқты. Екі ой. Салаға шын еңбек сіңірсе, алғаны дұрыс. Адам іштей тыныштық табады. Зейнетке шыққан соң медаль жоқ, сірә. Ал өзім «Қоғам қайраткері» төсбелгісін тақпаймын. Бәрібір алмағандай болып есептелем, — деді ол.
Дүкенге медальді тізіп қойып, сатып отырған жоқпыз — орталық директоры
Әлеуметтік желі арқылы «Bilim Orkeniti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы басшысының телефон нөмірін тауып, байланысқа шықтық.
Орталық директоры Әзірет Сатылғанов мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін, үкіметтік емес ұйым жарғысына сай ақылы ұйымдастырылатынын айтты.
— Жарғыда үкіметтік емес ұйымның ең бірінші мақсаты пайда табу деп тұр. Біз өз-өзін қаржыландыратын шаралар өткіземіз. Біреулер айтқандай медальді дүкенге қойып, сату емес, арнайы ережесі бар. Көбі шығармашылық байқау. Оқушыға да, мұғалімге де тапсырма беріледі. Ең бірінші «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан басталды. Онда тіл, тарих, тәуелсіздік тақырыптары қозғалып, конференция ұйымдастырылды. Ұлтқа, елге, жерге, тілге деген махаббатты ояту мақсаты еді. Астанадағы шараға қатыса алмаса, дипломын тегін онлайн жібердік. Ал келсе, ақылы. Шара өткізу үшін залды жалға аламыз. Ұлттық музей болса да ақы төлейміз. Байқауды ұйымдастыру кезінде шақырылған ғалымдардың да еңбекақысы бар, — деді «Bilim Orkeniti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзірет Сатылғанов.

Оның айтуынша, білім мен ғылымның бәсекеге қабілетті ортада болуы — сауда емес, дамуға бастайтын жол.
— Министрлікте № 514 бұйрық бар. Бұйрыққа сәйкес сол тізімге енген байқаулар ғана аттестация кезінде жарамды. Бұған дейін «Ғылымды тізгінмен тізгіндемейік» деп хат жолдап, министрлікке ұсыныс та бердім. Ұсыныста тізімге енгізуді сұрадым. Бір де бір рет елемеді, сөйлесуге құлық танытпады. Тізімге енбеген соң мұғалімдер де аса қызыға қоймайды. Қазір шығармашылық байқауын өткіземіз, диплом береміз. «Білім беру саласының үздігі» медалі ғана бар. Ол да жылына бір рет беріледі. Ал бұрын болған «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі қазір жоқ. Орталық жұмысын жалғастырамын. Бұл азаматтық борышым деп білемін. Осы арқылы мен ұлттық құндылықтарды сақтау жолында еңбек етемін. Әрі «медаль таратпа» деп айтса да, елімізде ондай заң жоқ. Үкіметтік емес ұйымдар көп осы бағытта жұмыс істейтін, — деді ол.
Сатып алса білімнің қадірі болмайды — Клара Қажғалиева
Әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы Клара Қажғалиева медаль үшін ақы төлеуге қарсы. 40 жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаз бұл білімді саудаға салу деп есептейді.
— Өзім Ақтөбе қалалық білім бөлімінен, облыстық білім бөлімінен алғыс хат алып көрмедім. Тек қала әкімі «Қала құрметі» арнайы төбелгісін берді. 2024 жылы Оқу-ағарту министрі Ақтөбеге форумға келіп, Димаштың ұстазы деп мектепте кездесті. Кейін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алдым. Еңбек бағаланса, берілуі керек. Ал сатып алу дұрыс емес, қарсымын. Мектептен бастап ұсынса, қалалық, облыстық білім бөлімі қолдап, әрі қарай министрлікке шығуы тиіс, — деді Клара Қажғалиева.
№ 32 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі қазір он үшінші түлектеріне сабақ беріп жүр. Димаш Құдайберген — бесінші түлегі.
Мұғалім оқушыларын ақылы олимпиадаларға қатыстырмайды, өзі де қатыспайды.
— Ақылы олимпиада, байқау мен онда берілетін медаль тоқтатылуы керек. Онда білімнің қадірі болмайды. Бір-екі жыл жұмыс істеген жастар алып алады, сеніп жүреді. Сатып алған соң оның құны жоқ. Адамдарды босқа алдап, ақшасын алу дұрыс емес деп есептеймін, — Клара Қажғалиева.
Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті педагогика және білім беру менеджменті факультетінің деканы Абылай Қанатұлының айтуынша, атаққұмарлық — ауқымды тақырып.
— Біріншіден, медаль тағу Кеңес үкіметі кезінде таныла бастады. Мұның бәрі мәдени феномен ретінде енді. КСРО құрамында болған соң бізде де, әсіресе аға буын өкілінде бұл мәселе бар және кейінгі толқынға берілді. Екінші жағынан адам психологиясы мен табиғатына үңілсек болады. Абай қара сөзінде «мақтаннан аман болмағы — қиын іс» деп айтады. Адам жақсы нәрсеге ұмтылады, айналасынан жақсы сөз, пікір естігісі келеді. Бұл кейде адамға шабыт береді, ынталандырады. Медальді жақсылықтың белгісі деп санайды екен. Бірақ қазір пікір әртүрлі. Өзімнің ойымша мақтаншақтық ешкімге жараспайды. Ұстаз үшін шәкіртінің, халықтың берген бағасынан, махаббатынан асқан ештеңе жоқ. Махаббат көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін дүние болған соң белгісі ретінде медальді, марапатты алғанды жөн санайтындар бар шығар. Медаль бар, бірақ шәкірттің алғысы жоқ кез де кезігеді, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жалған марапат таратқан адам сотталған болатын. Қалалық сот мемлекеттік награданы заңсыз тағу және иемдену дерегі бойынша азаматтық істі қарады. 2025 жылғы желтоқсан айында ол Ұлттық кітапхана ғимаратында дөңгелек үстел ұйымдастырып, тиісті рұқсаты мен өкілеттігі болмағанына қарамастан мемлекеттік наградаға ұқсас атаулары мен сыртқы белгілері бар марапаттарды табыстаған. Сот қаулысымен оған 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.