«Аталанта» Еуропа лигасының жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасының финалында «Аталанта» (Италия) мен «Байер» (Германия) кездесті.

Еуропа лигасы
Фото: championat.com

Кездесу барысында италиялық клуб жылдам гол соғып үлгерді. Олардың қатарынан Адемола Лукман 12-минутта есеп ашса, 26-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты.

Өз қақпасына гол жіберіп алған «Байер» командасы таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Оған қарсылас ұжым лайықты тойтарыс беріп, бірінші кезеңде германиялық клуб дегеніне жете алған жоқ.

Екінші кезеңде де «Аталанта» негізінен есепті сақтап тұруға ниет танытты. Есесіне «Байер» командасының белсенділігі байқалып тұрды. Шабуылға көбірек шыққанымен соңғы сәттілік жетіспей жатты.

Ал Адемола Лукман 76-минутта қорытынды есепті белгілеп, хет-триктің авторы атанды.

Осылайша «Аталанта» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, өз тарихында тұңғыш мәрте Еуропа лигасының чемпионы атанды.

Айта кетсек, германиялық клуб биыл өз тарихында тұңғыш мәрте ел чемпионы атанды.

2001/2002 жылдарда UEFA Чемпиондар лигасы финалында Испанияның «Реал Мадрид» клубына 1:2 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ, олар түрлі турнирлерде 51 ойында жеңілістің ащы дәмін татпастан рекордты жаңартқан еді. 

«Аталанта» қазірге дейін ешқандай еурокубок ойындарында топ жарған жоқ. 

Енді 29 мамырда Конференция лигасы финалында «Фиорентина» мен «Олимпиакос» кездеседі.

Сондай-ақ, 1 маусымда Чемпиондар лигасы финалында «Реал Мадрид» (Испания) мен «Боруссия Дортмунд» шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар