Атбасар ауданында 2 мыңнан астам тұрғын «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Атбасар ауданында кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың жұмысшылары және өзге де тұрғындардан құралған 2 мыңнан астам адамның қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы

Атбасар қаласының орталық алаңында аудан әкімі Аманбек Қалжанов акцияға қатысушыларды қарсы алды.

Аудан әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде 2024 жылдың 6 сәуірі мен 11 мамыры аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Бұл ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылды, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналды. Сәуірдің 13-не дейін өткізілген «Таза өлке» апталығы барысында аумақтар мен тұрғын үй аулалары тазартылды. Одан кейінгі «Киелі мекен» апталығы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. «Жасыл аймақ» апталығы ағаш көшеттерін отырғызумен, екпелерді ақтаумен атап өтілді. Сол кезде, Атбасар ауданында барлығы 1613 ағаш отырғызылды. Ал «Өнегелі ұрпақ» апталығы ардагерлер мен қарттар үйлерінің аумағы мен ауласы тазартылып, абаттандырылды. Соңғы «Мөлдір бұлақ» апталығы барысында су айдындары - өзен, көлдердің жағасы күл-қоқыстан тазартылды.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы

«Атбасар ауданында өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында жергілікті тұрғындар белсенділік танытты. Аудан бойынша барлығы 365 тонна күл-қоқыс жиналды. Аудан тұрғындарын экологиялық акцияға қатысып, туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосылуға шақырамын. Бірігіп, қаламызды таза етейік! - деді аудан басшысы Аманбек Қалжанов акцияға қатысушылармен кездесуінде.

Акция барысында Атбасар қаласының жағажай аумағы, Есенберлин, Әуезов, Ағыбай батыр тәрізді бірқатар көшелері қоқыстан тазартылып, абаттандырылды.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы

Қаланың орталық алаңында канадалық раушан гүлі мен сәндік бұта ағаштары отырғызылды.

Акцияға Атбасар электровоз жөндеу зауытының, «Атбасар су» коммуналдық кәсіпорнының, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорнының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің, коммуналдық қызметтердің жұмысшылары мен аудан тұрғындарынан құралған барлығы 2 мыңнан астам адам қатысты.

Осы ретте, Атбасар аграрлық-индустриялық колледжінің ұжымы мен студенттері, Жастар ресурстық орталығының мүшелері, еріктілер аса белсенділік танытты.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы

Айта кетсек, бұдан бұрын «Таза Қазақстан» акциясы барысында Көкшетау қаласында 9 мыңға жуық ағаш отырғызылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар