Атырау базарларында сиыр еті азайды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы сауда орындарында сиыр еті азайып кетті. Базарлар мен ірі дүкендердің ет бөлімдерінде кейбір сөрелер бос тұр. Тұрғындар мүйізді ірі қара етін таба алмай жүргенін айтады.

Атырау базарларында сиыр еті азайды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сатушылардың сөзінше, соңғы уақытта мал сою орындарына ірі қара аз әкелінген. Соның салдарынан сауда нүктелерінде көбіне жылқы мен түйе еті ұсынылып жатыр.

— Базарда орындар бос жатыр. Сиыр еті әдеттегіден аз келіп жатыр. Көбіне жылқы мен түйе еті келеді. Сиыр еті жоқтың қасы. Кейде Оралдан сойылып келеді, соны аламыз. Соңғы 2-3 күнде мал мүлдем болмады. Аудандарды жауып тастады, ауданнан мал келіп жатқан жоқ, — деді қаладағы базаларында бірінде ет сататын сатушы Клара Ерғалиева.

Атырау базарларында сиыр еті азайды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Мал сою орындарында да жұмыс бәсеңдеген. Әдетте тәулігіне 40–50 бас ірі қара сойылатын базарлардың бірінде соңғы күндері бірде-бір сиыр сойылмаған. Мал дәрігерлері мұны кейбір аудандарда ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит індетінің таралуымен байланыстырады. Ал мал базарының әкімшісі Әбу Құлбасов көршілес Батыс Қазақстан облысынан келетін малдың да азайғанын айтады.

— Малға ветеринарлық анықтама берілмей жатыр. Малдың көбі Батыс Қазақстаннан келеді. Қазір ол жақтан Атырауға мал жіберілмей отыр. Оралда «Кублей» деген ет өңдейтін комбинат бар. Еттің бәрі сонда кетіп жатыр, — деп пікір білдірді Әбу Құлбасов.

Атырау базарларында сиыр еті азайды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы өңірде толық шектеу жоқ екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта тек Құрманғазы ауданында 4 округте, Исатай ауданында 2 округте шектеу бар. Ол жерлерден мал шығаруға болмайды. Қалған елді мекендерде мәселе жоқ.

— БҚО-дан мал келмеуіне байланысты ет тапшылығы туындап тұрған болар. Ал біздің облыс бойынша ондай шектеулер жоқ. Бордақылау алаңдары да жоқ, сондықтан малдың 80 пайызы Батыс Қазақстан облысынан жеткізіледі. Қазір жергілікті мал қуаңшылық салдарынан күйі төмен, жағдайы нашар болғандықтан, оны мал сою орындарына сата алмайды, — деді аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Нұркен Баяров.

Мамандардың айтуынша, Атырау тұрғындары жылына шамамен 15 мың тонна сиыр етін тұтынады. Тапшылық туындап, сұраныс артқан жағдайда бағаның өсетіні белгілі. Облыстық ауыл шаруашылы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін сиыр еті қорын қалыптастыру мақсатында 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жеткізу шарты жасақталды. Алайда 2026 жылдың наурыз айынан бастап 2 тауар өндірушімен келісімшарт мерзімі аяқталғанын мәлімдеді.

Атырау базарларында сиыр еті азайды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

— Қазіргі таңда «Марко» сауда желілерінде 1 кг сиыр еті 3600 теңгеден сатылуда. Өңірде сиыр еті қорын қалыптастыру және бағаны тұрақтандыру мақсатында «Атырау» ӘКК» АҚ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен келіссөздер жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру ережесіне сәйкес құжаттарын жинақтау үстінде, — деп хабарлады ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарма келісім құжаттары жинақталғаннан кейін келісімшарт негізіндегі сиыр етінің қоры сәуір айында сауда желілеріне қойылады деп отыр.

Атырауда желтоқсаннан бері жұқпалы ауру анықталған ірі қара саны 4,5 мыңнан асқаны жөнінде жазған едік.

Сондай-ақ Атырауда 8 ветеринариялық станцияның біріктірілетінін хабарлағанбыз. 

Бұдан бөлек, сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талабы жеңілдетілетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум