Атырау-Доссор трассасындағы көпірдің асты кеңейтілуі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынына байланысты Атырау-Доссор трассасындағы көпірдің асты кеңейтілуі мүмкін. 

Атырау-Доссор трассасындағы көпірдің асты кеңейтілуі мүмкін
Фото: видеодан алынған скрин

Қазір аталған жолдағы көпір Жайық өзенінен Соколок каналына құйылған мол судың өтуіне кедергі келтіріп тұр. Осыған байланысты сол маңдағы 112-учаскедегі жұмыстың үйлестірушісі Әлібек Семғалиев арнайы комиссияға көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс берді. 

«Трассадағы көпірдің астымен мол судың өтуі қиындады. Сол себепті ол жайылмаға кетуі мүмкін. Қазіргі кезде су Атырау қаласының маңындағы Бірлік елді мекені мен Жұлдыз-1, Жұлдыз-2 шағын аудандарының тұрғындары бірігіп салған бөгетке тіреліп тұр. Қазіргі кезде комиссияның қарауына көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс бердік. Комиссия оң шешім шығарса, Доссорға қатынайтын жолдағы көпірдің асты кеңейтіледі. Осылайша судың кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасалады. Әзірге елді мекендерге төнетін қауіп жоқ. Соған қарамастан, бөгеттің осал тұстарын нығайту жұмысын бастадық», - дейді Әлібек Семғалиев.

Оның айтуынша, аталған учаскеде қолға алынған бөгетті нығайту жұмысына 15 адам мен 8 арнайы техника тартылған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың тұсында Жайық өзенінің суы екінші күн қатарынан көтерілмегенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар