Атырау экологтері мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізуі мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қолға алынған.
Бұған 4 қыркүйек күні кешкі сағат 21:30–да Атырау мұнай өңдеу зауытындағы Е-1604-жылу алмастырғыш аппаратынан газ шыққаны себеп болған.
Газ алауының салдарынан бутендерді олигомеризациялау қондырғысы тоқтатылған еді.
Департаменттің ақпаратына сүйенсек, «Қазгидромет» РМК-ның Атырау филиалы ауа сапасы туралы мәлімет ұсынған.
Мұнай өңдеу зауытында газ алауы жанған кезде Атырау қаласында орналасқан мониторинг бекеттерінде атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері рұқсат етілген шекті шоғырлану шамасынан ауытқуы тіркелмеген.
«Қазір департамент тарапынан Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қозғалды. Тексеру кезінде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптары сақталады», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу өңдеу зауытында көмірсутек газы ауаға жіберілгенін жазған болатынбыз.