Атырау гарнизонының әскерилері Құлсарыға жету үшін 200 шақырымды жаяу жүрді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау гарнизонының 175 әскери қызметшісі тасқын су басқан Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына 200 шақырымды жаяу жүріп келді. 

Атырау гарнизоны
Фото: Атырау гарнизоны

Құлсары қаласына Атырау гарнизонының №41433, 41321 және 21642 әскери бөлімінің әскери қызметшілері келді.

№41433 әскери бөлімінің рота командирі, капитан Рамазан Одинаевтың айтуынша, жеке құрам тасқын су басқан «Доссор-Құслары» бағытындағы жолды айналып өткен. Бұл үшін 200 шақырымды жаяу жүруге мәжбүр болған. 

«Құлсары қаласын тасқын судан қорғау мақсатындағы жағалауды нығайту жұмыстарына көмектесу үшін қосымша жеке құрам жіберілді. Әскери қызметшілер таңғы сағат 06:00-07:00-ге 1 мыңнан астам қапқа топырақ толтырып, бөгетке төседі. Қазір бұл жұмысқа Жылыой ауданында 200-ден астам әскери қызметші жұмылдырылды», - дейді рота командирі Рамазан Одинаев.

Ал, кеше, 6 сәуірде Жылыой ауданындағы Жем өзенінде жасанды бөгеттерді бұзу басталды. Оны «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты инженерлік қызметінің офицерлері жүргізді. Соның нәтижесінде өзен суының арнасын бұруға жол ашылды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған еді. 

Сондай-ақ Атырау облысының білім беру мекемелерінде сабақ офлайн форматта жалғасатынын жазған болатынбыз.