«Атырау» мен «Тобыл» футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына берілген екі жолдамаға «Атырау» мен «Тобыл» командалары ие болды. 

атырау футбол
Фото: instagram.com/fc_atyrau/

Алғашқы кездесуде «Атырау» мен «Қайрат» клубтары өзара шеберлік байқасты.

Атыраулық футболшылар ойын барысында жылдам ғол соғып үлгерді. Ойынның 10-минутында олардың қатарынан Игорь Стасевич мергендік танытса, одан кейін 13-минутта Олжас Керімжанов есепті үстемелей түсті.

Ал 17-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылса, 18-минутта «Атырау» қақпасына белгіленген пенальтиден алматылық клубтан Жоао Паоло мүлт кетті.

Ойынның 44-минутында алаң иелері сапынан Ян Новак басымдықты арттыра түссе, оған 70-минутта «Қайрат» сапынан Орфи Арад жалғыз голмен жауап қайырды.

Осылайша қарсыласын 3:1 есебімен қапы қалдырған «Атырау» жартылай финалға жолдама алды.

Тағы бір кездесуде «Тобыл» «Астанадан» 1:0 есебіен басым түсті.

Қостанайлық клубтан Ислам Чесноков соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешті.

Дәл қазір «Елімай» мен «Қызылжар», «Ордабасы» мен «Ақтөбе» кездесулері өтіп жатыр. Әзірге есеп - 0:0.

Ал, 1/2 финал 29 мамыр мен 19 маусымда өткізіледі. Финал 29 қыркүйекке белгіленген.

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар