Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары басталды. Оған 2 мыңнан астам жұмысшы мен 70 арнайы техника жұмылдырылады.

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына қарағанда, жоспарланған алдын алу жұмыстары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына және Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес іске асырылады. 

«Жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу технологиялық қондырғылардың қауіпсіз қызметі мен жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өндіріс тиімділігін арттыру үшін қажет. Бұл кезде Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру және сараптамадан өткізу секілді іс-шаралар кешенін іске асыру жоспарланып отыр. Зауыттың реакторлық жабдықтарындағы катализаторлар ауыстырылады. Зиянды заттардың атмосфераға шығарылуын болдырмау мақсатында технологиялық жабдықтарды тазалау процесі жабық жүйеде өтеді», - деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі. 

Қазір зауыттың резервуар паркінде жанар-жағар май қорының көлемі жинақталған. Резервуар апркінде 30 мың тонна бенин, 15 мың тонна дизель отыны бар. Сондай-ақ әуе отыны мөлшері 6,5 мың тоннаны, сұйытылған газ қоры 500 тоннаны құрайды.

«Мұнай өнімдерінің негізгі түрлері жинақталған қор есебінен ҚР Энергетика министрлігімен келісілген жоспарға сәйкес жөнелтіледі. Қазан айының соңына дейін жоспарланған алдын алу жұмыстары аяқталып, кәсіпорын тұрақты жұмыс режиміне шығатыны көзделіп отыр», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында қазанда жоспарланған алдын алу жұмысы жүргізілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар