Атырау мұнай өңдеу зауытының ескі бөлігіндегі жабдықтар жаңартылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық, механикалық тазарту қондырғыларын, эстакадалар мен теміржол жұмысын тексерді.

Зауыт директорының міндетін атқарушы Олег Лызлов жуырда жанармай төгіліп, алайда өндіріске әсер етпеген бутендерді олигомеризациялау мен автоматтандырылған ашық түсті мұнай өнімдерін құю қондырғысының жұмысы туралы мәлімет берді.
«Қазір зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өнім шығару мен жөнелтуде іркіліс жоқ. Үш кезеңді жаңғыртудан өткен зауытта былтыр шамамен 5,5 млн тонна мұнай өңделді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Мұнда 4,9 млн тоннаға жуық тауарлық өнім шығарылды. Орташа өңдеу тереңдігі — 82,1 пайызға өсті», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
«ҚазМұнайГаз басшысы жақында Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғыларында болған жағдайға қатысты түсінік берді.
«Әлі де жетілдіре түсетін тұстарымыз бар. Атап айтсақ, зауыттың модернизациядан өтпеген, ескі бөлігіндегі жабдықтары 40-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қазір кәсіпорында операциялық тиімділікті арттыру жобасы қолға алынды. Жоба аясында кәсіпорынның ескі бөлігінің негізгі жабдықтарын жаңарту жоспарланды. Зауытта бірқатар экологиялық жобалар іске асырылып жатыр. Электр қуатын күшейту және атмосфераға зиянды шығарындылар қаупін азайту үшін газ турбиналы электр станциясын салу жоспарланып отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғы коллекторынан ақау шыққанын жазған болатынбыз.
Кейін ақаудың себебін арнайы комиссия тексеретінін хабарлаған едік.