Атырау облысына салынған инвестиция бірден 482 млрд теңгеге азайды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Шетел инвесторларын қызықтыратын облыстардың қатарында Атырау да бар. Өйткені, бұл өңірден көмірсутекті шикізат пен өзге де табиғи байлықтың мол қоры табылған. Мәселен, «Теңіз», «Қашаған» секілді ең ірі мұнай-газ кеніштері шетел инвестициясымен игеріліп жатыр.

«Мәскеу биржасына» салынған санкция Қазақстанның инвестициялық климатына қалай әсер етеді – СІМ жауабы
Фото: azertag.az

Биыл инвестиция көлемі 482,5 млрд теңгеге азайды

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, биыл қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға 1 303,1 млрд теңгенің инвестициясы салынған. Ал, өткен жылдың осы кезеңіндегі инвестицияның көлемі 1 785,6 млрд теңге болған еді. Демек, биылғы инвестиция 482,5 млрд теңгеге азайып отыр. 

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуына қарағанда, биыл өңірде 17 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалардың құны — 88,4 млрд теңге.

Оның айтуынша, биыл инвестициялық қаржының азабының бір себебі бар. Бұл — «Теңіз» кен орнындағы Келешек кеңею жобасының аяқталуға жақындауымен байланысты жайт.

«Жоба құрылысы бірнеше жыл бойы жүргізілді. Оған еліміздің әр өңірінің тұрғындары жұмысқа тартылды. Енді жоба алдағы жылы іске қосылады», -дейді Полымбет Хасанов.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңірде шетелдіктермен бірлескен 1 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде машина жасау саласында 150 бизнес нысаны жұмыс істейді. 

«Аймақта мұнай-химия өнімдерін өңдеу бағытында іске асып жатқан ірі жобалар бар. Енді машина жасау өндірісіне назар аударылып отыр. Мәселен, шілдеде жүк вагондарын құрастыратын зауыт ашылды. Бұл инвестициялық жобаның мұнайлы өңір үшін маңызы зор. Біріншіден, „Теңіз“ кен орнындағы келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты босаған жұмысшыларды жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешуге септігін тигізеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өнімдердің өсіміне ықпал етеді. Үшіншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», — дейді Марат Мурзиев.

Жаңа зауытта жобаға сәйкес 6 мың вагон құрастыру жоспарланған. Инвестициялық жобаның қуаты біртіндеп артқан кезде 2 700 жұмыс орны құрылады.   

Ал, «Интаго Қазақстан» ЖШС арнайы экономикалық аймақта полиэфирлі геосинтетикалық материал шығаратын жаңа зауытты іске қосты. Кәсіпорынның бас директоры Азамат Асылбековтің айтуына қарағанда, зауыттың жылдық қуаты — 15 млн шаршы метр.

Бұл жобаға бағытталған инвестициялық қаржы көлемі — 1,4 млрд теңге. Оның 715 млн теңгесі «Өнеркәсіпті қолдау қорынан» алынған. 

Сондай-ақ Атырауда Қатар елінің инвестициясымен Сарайшық стиліндегі аэровокзал салынады. Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, алдағы жылы Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайын жаңғырту жұмысы басталғалы отыр.

Оған Қатар елінің инвесторы 50 млн доллар көлемінде инвестиция салуды көздепті. Оның құрылысы 2026 жылы аяқталады. 

Инвестжобалардың құны 3 есеге дейін өскен

Сенат депутаты Әлібек Нәутиевтің дерегіне қарағанда, соңғы үш жылда Атырау облысындағы бірнеше инвестициялық жобаның сметалық құны өскен. Соның салдарынан әсіресе, құрылыс нысандары мерзімінде аяқталмауы мүмкін.

«Атырау облысы бойынша 2021–2024 жылдары бюджеттік бағдарлама әкімшілері бастапқы құны 266,5 млрд теңге болатын 148 инвестициялық жобаға түзету енгізді. Бұл жобалардың сметалық құны 409,2 млрд теңгеге дейін өсті. Өсім 142,6 млрд теңгеден асады. Енді сметалық құнның өсімін жергілікті бюджеттің есебінен жабу қажет болып отыр. Жобалар құнының бастапқы бекітілген құнынан екі немесе одан да көп есе өскені кездеседі. Бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес, бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асатын жергілікті бюджеттік инвестицияның сметалық құнын ұлғайтуға байланысты шығыстар тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көзделген. Мұндай жағдайда жергілікті бюджетке орасан зор жүктеме түседі», — дейді Әлібек Нәутиев.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына депутаттық сауалын жолдап, бірнеше ұсынысын білдірді.

Біріншіден, жергілікті бюджеттің шектеулі екенін ескеру қажет. Екіншіден, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сомасын қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жөн.

«Инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюы тек Атырау облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де оң шешілмей отыр. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексінің жобасына аталған мәселені шешуге бағытталған ережелерді енгізу қажет. Егер жобалар республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге арналған шығыстарды қаржыландыру туралы бапты Бюджет кодек­сінен алып тастау керек», -дейді Әлібек Нәутиев.

Инвесторға күн бермейтін кімдер?

Атырау облысының прокуратурасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге назар аударып отыр. Өйткені, оған кедергі болатын жайттар бар. Қадағалау органының ақпаратына қарағанда, фронт-офисте инвесторлардың шағымы жедел түрде қаралады.

Прокурорлар уәкілетті органдар тарапынан бірнеше кемшілікті анықтап отыр. Біріншіден, инвесторлармен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды. Екіншіден, өзара іс-қимыл жоқ. Үшіншіден, инвесторлардың заңды құқығы бұзылады. 

Мәселен, 2020 жылы «Олимпик-Атырау» ЖШС-нің туристік база мен атқыштар клубын салу жобасы мақұлданған. Осыған орай жергілікті атқарушы орган нысанға инженерлік коммуникациялар әкелуді міндетіне алған. 

«Алайда, жергілікті атқарушы органдар үш жыл бойы өз міндеттемесін орындамаған. Осылайша, Үкіметтің „Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы“ 2019 жылғы қаулысының 32-тармағы бұзылған. Жергілікті атқарушы орган жобаны іске асыруға үш жұмыс күні ішінде шара қабылдауы қажет еді. Инвестор 50 млн теңге салынған жоба құрылысын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша инженерлік желілерді салуға бюджеттен 49 млн теңге бөлініп, инвестордың құқығы қорғалды. Ал „Сисенов“ жеке кәсіпкерлігі Құлсары қаласында жалпы құны 100 млн теңгелік сүт өнімдерін өндіретін жобаны іске асыру кезінде аумақтық ветеринарлық бақылау  инспекциясы кедергі жасаған. Жергілікті инспекция ветеринарлық-санитарлық қоры­тынды беруден себепсіз бас тартқан», -деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Атырау облысы прокурорының өкімімен осындай проблемаларды тиімді шешу, инвесторлардың құқығы мен заңмен қорғалатын мүддесін қорғау үшін мобильді топ құрылған. Бұл топ тәулік бойы жұмыс істейді. 

Қызығып келген шетел кәсіпкерлері хабарсыз кетеді

Атырау облысына түрлі жобаны қолға алуға қадам жасаған инвесторлар аз болмады. 2019 жылы жапондық Tokyo Rope компаниясының президенті Сато Кадзунори Жайық өзенінің жағалауын бекітуге үлес қосқысы келді. 

«Атырау облысының экономикалық әлеуетіне сараптама жасадық. Осы өңірге жоғары технология әкеліп, бірнеше жобаны іске асырмақ ниетіміз бар. Алдымен жұмысымызды Жайық өзенінің жағалауын бекітуге қатысудан бастағымыз келеді. Қатерлі дертпен ауыратындарды емдейтін медициналық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Өз еліміздегі медицинаның заманауи емдеу-сауықтыру әдістерін осы өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға пайдаланғымыз келеді», -деді Сато Кадзунори.

Дегенмен соңғы 5 жылда жапон компаниясынан еш хабар болған жоқ. 

Осындай ізгі ниеттілердің қатарынан түрік кәсіпкерлері де көрінді. Соның бірі — Түркиядағы «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғду. 

Атырау облысының экономикасына инвестиция салуға ниетті инвесторлар қатарында түрік кәсіпкерлері де бар. Соның бірі — Түркиядағы «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғду.

Түрік кәсіпкері 2021 жылдың маусымында Атырауға келіп, бұрынғы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездескен еді. Сол кезде ол Атырау облысында күкірт бетонитін өндіретін өнеркәсіп орынын ашуға дайын екенін жеткізді. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ доллары болатын жоба 50-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орналастыруға жол ашады.

«Қазақстанда күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда, біз үшін де, жалпы ел үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, дайын өнімді күкірт бентониті түрінде шығарып, шетел нарығына экспорттау әлдеқайда тиімді. Логистикалық тұрғыдан алғанда Атырау облысы — осы жобаны жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Осы облыстан Қытай, Еуропа мен Ресей нарығына шығудың тиімді тұсы көп», — деп еді Мунип Нурдоғду.

Екіншісі — «Er-Bakir» компаниясының директоры Маджит Ташкын. Былтыр осы кәсіпкер де Атырауға табан тіреп, облыс әкімі Серік Шәпкеновпен жүздесті. Оның айтуынша, Атырау облысы мыстан электритті сым өндіру жобасын іске асыруға қолайлы аймақ ретінде қарастырылған. 

«Біз соңғы үш айда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі арқылы қазақ елінің экономикасына инвестиция салу жөнінде шешім қабылдадық. Соңғы алты жылда АҚШ экономикасына инвестиция салған едік. Сондықтан шетелде тәжірибеміз жеткілікті. Біз Жезқазғаннан жылына 20 мың тонна мыс экспорттаймыз. Алайда, бұл тиімсіз болған соң, логистикасы қолайлы аймақтарды іздеп жүрміз. Атырау облысын бұл жағынан тиімді аймақ ретінде қарастырып отырмыз. Бұл орайда бізге инфрақұрылым толық жүргізілген үш гектар жер бөлуді, оны теміржол бойына жақын маңнан беруіңізді сұраймын», — деген болатын Маджит Ташкын.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бұл жобаны қолдайтынын, жер мен газ мәселесін шешіп беретінін айтқан. 

«Инвесторлар таңдаған аймақ екі жаққа да тиімді әрі қолайлы болуы керек. Ресей, Әзербайжан, Түркияға мыс тасымалдауда біздің өңірдің көлік логистикасы сай келеді. Соған ыңғайлы деген аймақтарды белгілеп береміз. Электр жарығы үздіксіз болуы үшін генератор қоюға да болады. Жер мен газ мәселесін шешіп береміз. Зауыт салу үшін үш гектар жер бөлінсе, оның жанынан тұтынушылар үшін қосымша үш гектар орын қарастыру керек», — деген Серік Шәпкенов.

Алайда мұнайлы өңір экономикасына инвестиция салуға білек түріп, құлшыныс білдірген екі түрік инвесторы да хабарсыз кетті. Олардың хабарсыз кету себебі туралы ақпарат жоқ. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бұл инвесторлармен жұмыс істеп жатқан жоқ. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар