Атырау облысынан табылған геоглифтер әлі зерттелмей отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Қазақ даласында құпиясы әлі ашыла қоймаған геоглифтер аз емес. Осындай жұмбақ нысанның бірнешеуі Атырау облысының аумағында да бар. Бірақ, әлі күнге зерттелмей келеді.

геоглиф
Фото Марат Қасеновтың жеке мұрағатынан алынған

Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің дерегіне қарағанда, Каспий ойпатын адамдар мыңдаған жыл бұрынғы мезолит, неолит (жаңа тас) заманынан бері мекендеген.

Әсіресе, Каспий теңізі жағалауының тылсым табиғаты көне дәуірде де адамдардың жаппай қоныстануына қолайлы болған.

«Атырау облысының аумағында адамдардың мекеніне айналғанын дәлелдейтін ежелгі тұрақтар көп кездеседі. Мұндай тұрақтардағы жәдігерлердің қатарында кварцит, кремний жаңқалары, тас дәуіріндегі еңбек құралдары табылды. Алайда, бұл тұрақтар топырақ астында қалған жабық орындар емес. Табиғат құбылысының салдарынан құм көшкінінен кейін анықталған», — дейді Марат Қасенов.

Зерттеушінің пікірінше, көне мекен мен тұрақтың көпшілігі Нарын, Тайсойған, Бүйрек және Сарықамыс құмдарынан табылған. Соңғы зерттеу кезінде құм арасында мезолит, неолит, темір, ортағасырлық ескерткіштер мен кейінгі заманғы зираттар, құлпытастар жиі ұшырасқан.

шеңбер
Фото Марат Қасеновтың жеке мұрағатынан алынған

Сондай-ақ, Каспий ойпатынан көптеген жұмбақ құрылыстар мен ескерткіштер бар.

«Бірақ, оларды кейінгі дәуірлердегі ескерткіштер қатарына қосуға болмайды. Неге? Мұның бірнеше себебіне тоқталатын болсам, біріншіден, бұл ескерткіштердің қай кезеңде жасалғаны әлі анықталмаған. Екіншіден, нендей мақсатпен салынғаны, қандай қызмет атқарғаны туралы деректер табылмай тұр. Жалпы, ғылыми тұрғыда осындай құрылыстарды геоглиф деп атайды ғой. Ал, ғылыми анықтамада геоглиф — жерге ойып салынған, ұзындығы төрт метрден асатын геометриялы немесе бейнелі өрнек. Дегенмен, кейбір геоглифтер тым үлкен күйінде сақталған. Мұндай геоглифтерді дәл жанынан көру мүмкін емес. Оның пішінін тек әуеден ғана тамашалауға болады», — дейді Марат Қасенов.

Ғалымның айтуынша, геоглиф салудың сан алуан жолы бар. Геоглифтің бірі жердің беткі қабатынан белгілі бір тереңдікке дейін қазылады. Сөйтіп, белгілі бір таңба түсіреді.

Тағы бір жолы — арнайы қиыршық немесе ірі тастарды төсеу арқылы бейне жасау. Үшіншіден, бір бейне жасау үшін ағаш егіледі. Алайда, геоглифті кез келген адам жасай алмауы мүмкін. 

«Атырау өңірінде тас, қиыршық тас, тіпті өсіп тұрған жасыл желек өте аз. Міне, осындай ерекшелікке байланысты мұндағы геоглифтер ор қазу, топырақ үю арқылы жасалғанына көз жеткіздік. Мұндай геоглифтердің көбін биіктен ғана көруге болады. Соңғы кезде анықталған онға жуық геоглифтің қалай жасалғаны әлі нақтыланған жоқ. Геоглифтерді адамдар жасады ма? Әлде табиғаттың тылсым құбылысынан пайда болды ма? Бұл мәселе әлі белгісіз болып отыр», -дейді ғалым. 

Мәселен, Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 27 шақырым қашықтықта тасбақа түріндегі геоглиф табылған. Тасбақаның көлемі — 900×400 метр. Құмды-сазды топыраққа жолақты сызықтармен бейнеленген.

тасбақа
Фото Марат Қасеновтың жеке мұрағатынан

Ал, крест түріндегі тағы бір геоглиф Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласының оңтүстік-батысындағы 54 шақырым қашықта орналасқан.

Крест салынған аумақ Каспий теңізінің жағалауына тым жақын болмағанымен, қашық та емес. Екеуінің аралығы — 13 шақырым. Оның көлемі — 45×30 метр, ені шамамен 8 метрді құрайды.

Үшіншісі — жұлдыз. Оның көлемі — 225×150 метр. Бұл — 200 метрлік ұзын сызықтардан, диаметрі 10 метрлік 12 жұлдыз обадан тұратын геоглиф. Алғабас ауылының оңтүстік-шығысында 7 шақырым қашықта жатыр. 

Төртіншісі — төрткүл-шеңбер. Құрманғазы ауданындағы Батырбек ауылының батысында 2 шақырымнан анықталған. Бұл геоглифтің диаметрі — 100 метр, төртбұрыш көлемі — 150×150 метр.

геоглиф
Фото Марат Қасеновтың жеке мұрағатынан алынған

Енді бір геоглиф күн бейнесінде салыныпты. Мұның диаметрі — 150 метр, сыртқы қамал-жал биіктігі — 2,5, ені 8 метрге жетеді. Қамал-жалдың сырты екі-үш қатар тізбекпен 196 апан шұңқырмен қоршалған.

Ал, шұңқырлардың диаметрі — 2-6 метр, тереңдігі 1-2 метр шамасына жетеғабыл. Солтүстік жақ бетіне төрт қатар шұңқыр қазылған. Бірақ, қамал-жалдың іші тегіс, алаң диаметрі 90 метрге жетеді. Оңтүстігінде ені 6 метрге созылатын жол жатыр.

«Бұл геоглифтен күннің бейнесін аңғаруға болады. Сол себептен, оны күн ғибадатханасы дейміз. Қазақстанның әр өңірінде түрлі бейнедегі геоглифтер көп ғой. Бірақ, дәл осыған ұқсас геоглиф табылған жоқ. Күн бейнесіндегі геоглифтің қандай мақсатпен салынғаны әзірге белгісіз болып отыр. Десек те, бұл шамамен біздің заманымызға дейін ІІ ғасырда салынған болуы мүмкін. Жалпы, геоглифтердің салынуы жөнінде айтылып жүрген түрлі болжам да, пікір де бар. Ал, Атырау өңіріндегі геоглифтер әлі жүйелі зерттелген жоқ. Осындай геоглифтерді зерттеуге назар аударылса, біраз құпияны ашуға, тіпті ел тарихын толықтыратын деректер табылар еді», -деді Марат Қасенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы жоталардан 50 млн жыл бұрынғы акуланың тістері табылғанын жазған едік. 

геоглиф
Фото Марат Қасеновтың жеке мұрағатынан алынған

 

Соңғы жаңалықтар