Атырау облысында 4 адам заңсыз ауланған 119 келі кефальмен ұсталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 4 адам заңсыз ауланған 119 келі кефальмен ұсталды.

Балықшы
Фото: Polisia.kz

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, ұсталғандар – Жылыой ауданының тұрғындары. 

«Инспекция қызметкерлері Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы орналасқан Ракуша учаскесіндегі «Жылая Коса» аталатын аумақта 2 «НИВА» және «УАЗ» көлігін ұстады. Бұл көліктерде Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының 4 тұрғыны болған. Көліктің бірінен жалпы салмағы 119,8 келі келі кефаль балығы, резеңке қайық пен синтетикалық моножіптен тоқылған 2 аулау құралы табылды. Ал, екінші көліктен 99 келі кефаль, резеңке қайық пен 3 балық аулау торы алынды», -деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі. 

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылып, тиісті іс құжаттары толтырылған.Ұсталған тұрғындарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабына сәйкес екі қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ, атыраулық полицейлер «Бекіре – 2024» акциясы аясында 454 келі бекіре, 5 келі қарауылдырық тәркіленгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар